Мектептерде смартфон қолданудың жаңа тәртібі әзірленіп жатыр

0
86

2026 жылғы 28 мамырда Сенат педагогтердің жекелеген міндеттеріне қатысты заңнамалық түзетулерді мақұлдаған болатын


Мектептерде смартфон қолданудың жаңа тәртібі әзірленіп жатыр

Фото: pexels

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 26 маусымда Үкімет кулуарында Қазақстан мектептерінде смартфон қолдану тәртібіне қатысты пікір білдірді, деп жазады zakon.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ведомство мектептерде ұялы телефондарды пайдалану қағидаларын әзірлеп жатыр.

"Менің ойымша, жоғары сынып оқушыларына смартфон қолдануға рұқсат берілуі тиіс. Себебі көптеген пәндер онлайн-платформалар арқылы оқытылады. Сонымен қатар олар ҰБТ мен SAT емтихандарына дайындалады. Бұл мәселені әлі де педагогтермен талқылаймыз. Ал 7-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақ басталғанда смартфондарын өткізуі керек, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның сөзінше, түпкілікті шешім әзірленіп жатқан қағидалар аясында қабылданады.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 мамырда Сенат педагогтердің жекелеген міндеттеріне қатысты заңнамалық түзетулерді мақұлдаған болатын. Соған сәйкес, "Білім туралы" заңға енгізілген өзгерістер негізінде Оқу-ағарту министрлігіне орта білім беру ұйымдарында оқушылардың ұялы байланыс құрылғыларын пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыреті берілді.