Бағдарламаға еліміздегі 50 мектептен шамамен 70 мың оқушы мен 5,5 мыңнан астам педагог қатысты.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
ERNUR.KZ. Еліміздің 9 өңірінде мектепте буллингтің алдын алуға және оны азайтуға бағытталған отандық «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы сәтті аяқталды, деп жазады inform.kz.
Еліміздің 9 өңірінде мектепте буллингтің алдын алуға және оны азайтуға бағытталған отандық «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы сәтті аяқталды. Бағдарламаға еліміздегі 50 мектептен шамамен 70 мың оқушы мен 5,5 мыңнан астам педагог қатысты.
Бағдарламаны жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрды: қазіргі ахуалды диагностикалау, мектепішілік буллингтің алдын алу жүйесін құру, педагогтерді оқыту және ата-аналарды тарту. Әрбір мектеп диагностиканың нәтижелеріне сүйене отырып, барлық қатысушылардың — оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналардың қатысуымен буллингке ден қоюдың өз моделін қалыптастырды.
Апробация қорытындысы бойынша оқушылар мен педагогтер арасында жүргізілген сауалнамалар мектеп ортасында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын көрсетті. Атап айтқанда, 2025 жылы буллингке қатысушы агрессорлардың (буллерлердің) үлесі 2024 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар, өздерін жәбірленуші сезінетін оқушылардың (виктимдердің) саны 5,4%-ға азайды. Бұған қоса, сенім арта алатын, сырын бөлісе алатын ересек тәлімгері бар балалардың саны үш есе өскен.
— Апробация барысында жүйелі тәсілдің және барлық тараптың — оқушылардың, педагогтердің, ата-аналардың белсенді қатысуының тиімділігі дәлелденді. Біз тек жанжалдар санының азайғанын ғана емес, сонымен қатар мектеп қауымдастығы ішіндегі сенім мен қолдаудың артқанын көріп отырмыз. Бұл — қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастырудың басты шарты, — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, буллингке қарсы бағытталған «ДосболLIKE» бағдарламасы 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде енгізіле бастайды. Қазіргі уақытта оны ауқымды түрде іске асыру үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.