Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ваучерлік қаржыландыру жүйесі осы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде енгізіледі

0
114

2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды.


Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ваучерлік қаржыландыру жүйесі осы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде енгізіледі

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, қызмет сапасын және ашықтықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды. Бүгінгі күні бұл жоба облыстық маңызы бар 15 қалада және еліміздің екі өңіріндегі 5 ауданда жүзеге асырылуда. Олар Тараз, Шымкент, Түркістан, Орал, Астана, Семей, Өскемен, Қостанай, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Талдықорған, Қосшы, Қонаев қалалары мен Жамбыл облысының Байзақ, сондай-ақ Түркістан облысының Сарыағаш, Сайрам, Мақтаарал, Қазығұрт, Жетісай аудандары.

«Ваучерлік қаржыландыру жүйесіне 3 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым қосылды. Осы уақыт ішінде 230 мыңнан астам бала мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал, Астана қалаларында ваучер жүйесі енгізілгелі бері кезек 44%-ға қысқарды», – дейді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Маусым-шілде айларында бұл жобаға Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Алматы қалалары қосылады. Ал 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық мектепке дейінгі ұйымдар осы жүйеге енгізіледі.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі белгіленген талаптарға сай келетін және бос орындары бар мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Ата-аналарға балабақшаны өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігі берілген, бұл жекеменшік қана емес, мемлекеттік балабақшалар арасында да салауатты бәсекелестікті қалыптастырады.

Жүйе ең алдымен қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін басты шартты қамтиды – «ақша балаға беріледі». Қаражат ата-аналар баланың қатысу табеліндегі деректерді растағаннан кейін ғана аударылады.