Мектеп олимпиадасынан ұлттық құрамаға дейін: физика пәні бойынша іріктеу қалай өтеді

0
97

Жаттықтырушының айтуынша, жас физиктердің олимпиада шыңына жетуі – көп жылғы табанды еңбектің нәтижесі.


Мектеп олимпиадасынан ұлттық құрамаға дейін: физика пәні бойынша іріктеу қалай өтеді

ERNUR.KZ. 2023 жылы Токиода өткен Халықаралық физика олимпиадасының күміс жүлдегері Әлішер Еркебаев бүгінде Қазақстанның ұлттық құрамасын әлемдік жарыстарға дайындап, олимпиадалық тапсырмаларды әзірлеуге қатысып жүр. Ол ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде оқушылардың ұлттық құрама сапына қалай іріктелетінін айтып берді.

Жаттықтырушының айтуынша, жас физиктердің олимпиада шыңына жетуі – көп жылғы табанды еңбектің нәтижесі.

«Ұлттық құрамаға ену үшін оқушылар республикалық олимпиаданың барлық төрт кезеңінен өтуі қажет. Олар – мектепішілік, аудандық, облыстық және қорытынды кезеңдер. Одан кейін үздіктер олимпиадалық резервке қабылданып, оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Дәл осы көпсатылы іріктеудің қорытындысы бойынша Халықаралық физика олимпиадасы мен Еуропалық физика олимпиадасына қатысатын ұлттық құраманың құрамы жасақталады», – деді спикер.

Әлішер Еркебаевтың айтуынша, олимпиадалық тапсырмаларды әзірлеу кезінде мамандар оқушылардың білім деңгейін бағалап қана қоймай, оларды физиканың заманауи бағыттарымен және есеп шығарудың тың әдістерімен таныстыруға да мән береді. Мұндай тәсіл оқушыларды ғылымды тереңірек меңгеруге ынталандырады, ал қолданыстағы олимпиадалық жүйе дарынды балаларға өз қабілетін дамытуға және іріктеуге тең мүмкіндік береді.

«Біз үшін іріктеудің адал, ашық, сапалы әрі объективті өтуі – басты қағидат. Сондықтан ұлттық құрамаға шын мәнінде ең жоғары білім мен үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ғана қабылданады», – деп түйіндеді ол.