Скрининг – нақты бір жас тобындағы азаматтарға аурулардың алдын алуға, ерте кезеңде анықтауға арналған.
Фото: turantimes.kz
ERNUR.KZ. Елімізде әрбір жұмыскерге медициналық скринингтен өту үшін үш күндік заңды демалыс беріледі. Аталған әлеуметтік демалыс туралы Еңбек кодексінің 87-бабында жазылған, деп жазады inform.kz.
Еңбек кодексінегі жаңашылдықтың енгеніне біраз уақыт өтсе де, бұл құқықты қолданатындар қатары көбеймей отыр. Тіпті біразы бейхабар болуы да мүмкін. Демалысты қалай рәсімдеу керек және жұмыс беруші демалыс бермесе, қайда жүгіну керек.
Әлеуметтік демалыс қалай рәсімделеді
Скрининг – нақты бір жас тобындағы азаматтарға аурулардың алдын алуға, ерте кезеңде анықтауға арналған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Шолпан Молдабекованың айтуынша, ҚР денсаулық сақтау саласындағы кейбір заңнамалық актілерге 2020 жылы өзгерістер енгізілді. Сол жылы жұмыс берушіге скринингтік зерттеулер өтуге демалыс беру міндеті енгізілді.
– Жұмыс берушілер кедергісіз, жұмысшының жұмыс орнын сақтай отырып, орташа жалақысын сақтай отырып осы демалыстарды беруге міндетті. Мысалы бұл үш күн бір жолы беріледі немесе бір жылдың ішінде бөлініп берілуі мүмкін. Бұл еңбек демалысы жұмыскердің еңбек стажына кіреді, жұмыс орны сақталады, жалақысы сақталады. Ал егер жұмыс беруші еңбек демалыстарын, оның ішінде әлеуметтік демалыстарды беруден бас тартса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің түріне байланысты 20-дан 100 МРП-ға дейін (400 мың теңгеге дейін) жетуі мүмкін, – деді Шолпан Молдабекова.
Скринингтен өту қажеттігін учаскелік дәрігерлер анықтайды. Яғни олар белгілі бір жас тобындағы тұрғындарға қоңырау шалады немесе 1414 нөмірі арқылы, Damumed және 109 қосымшалары арқылы хабарлама жібереді. Осы хабарлама скринингтік зерттеулерге демалыс алуға негіз болады және жұмысшы үш күндік демалыс алуға өтініш жазады.
Егер жұмыс беруші әлеуметтік демалыс беруден бас тартса, қызметкер тұрғылықты жері бойынша Еңбек инспекциясына шағымдана алады.
Қандай скринингтер қолжетімді
Әдетте скринингтер 30 жастан басталады. Мұндай тексерулер қатарына жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары (артериалдық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы), қант диабеті, глаукома, онкологиялық аурулар — сүт безі рагы, жатыр мойны рагы, колоректальды рак, В және С вирустық гепатиттері және ми қан айналымының бұзылыстары кіреді. Мұндай профилактика ауыр ауруларды ерте анықтап, мүгедектікке немесе өлімге әкелетін күрделі асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
2025 жылға дейін онкоскринингтер МӘМС пакетіне қамтылған сақтандырылған адамдарға ғана қолжетімді болды. Алайда медициналық қызмет көрсету тәртібі қайта қаралғаннан кейін, олар кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлеміне енгізіліп, сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтарға қолжетімді болды.
— Бүгінгі таңда скринингтердің көпшілігі тегін медициналық көмек көлемі аясында жүргізіледі. Мысалы, қан айналымы жүйесінің аурулары мен қант диабетіне арналған тексерулер толықтай осы пакетке енгізілген. Президент тапсырмасымен 2025 жылдан бастап барлық онкоскрининг кезеңдері тегін болды. Бұл тексерулердің қолжетімділігін, үздіксіздігін қамтамасыз етеді, — деді С.Қайрбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтау орталығының бастапқы медициналық-санитарлық көмектің жетекшісі Әсел Хасенова.
Айта кететін жайт, үш күндік әлеуметтік демалыс тек қана скринингке байланысты емес, жүктіліктің алғашқы 10 аптасына дейін тіркеуге тұруға да арналған. Яғни жүкті болған кезде де 10 аптаға дейін «ерте тіркеу» ұғымы бар. Демалысты осыған да қолдануға болады.
Ауруы анықталғандарға «жасыл дәліз» қолданылады
Дәрігерлер халықтың көпшілігі хабардар болса да, денсаулығына немқұрайлы қарайтынын айтуда. Мысалы, елордадағы емханалардың бірі күніне 30 науқасқа хабарласып, скринингке шақырса, 10-ы ғана тексерілуге келеді.
– Омырау қатерлі ісігі, тоқ ішек қатерлі ісігі, артериялық қан қысымы немесе қант диабетін бізге келген 30 адамның 10-ынан немесе бесеуінен анықтап отырмыз. Жатыр мойны ісігі, сүт безі ісігі келген адамдардың 10 пайызынан анықталып отыр. Олардың алдын алу үшін 30 жастан бастап әр 4 жыл сайын скринингке келу керек. Қант диабеті, артериялық қан қысымы тексеруі – 40 жастан басталады және екі жылда бір рет өтеді. Тоқ ішек ісігінің скринингі 50 жастан басталады, – дейді Жалпы практика дәрігері Жансая Темірбекқызы.
Дәрігердің айтуынша, қазір аурулардың басым бөлігі жасарып жатыр.
– Мен білетін қант диабеті мен қан қысымының жоғарылауы, онкологиялық аурулар бойынша бұрын 50-60 жастан асқандар жиі келетін. Қазір 30-40 жастан асқандар көбейген. Қазір көптеген адам денсаулығына көңіл бөлмейді, арнайы келіп, скринингтен өтетіндер саусақпен санаулы, – деді ол.
Сонымен бірге, осындай скринингте ауруы анықталғандарға «жасыл дәліз» тәсілі қолданылады.
– Бұл науқастар еш кедергісіз тікелей онколог-мамандарға кеңес алуға жіберіледі, арнайы тексерілу тәртібі жасалады. Өйткені ол науқастарды емханалар жоғалтып алмауы керек. Сол себепті «жасыл коридор» қарастырылған және көптеген нұсқаулықтар, бұйрықтар бар, – деп түсіндірді Медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының бас маманы Лаура Қожагелидева.
Айта кетейік, онкологиялық скринингтер үшін мемлекет есебінен 553 миллион теңге бөлінді. Бұл бағдарлама 80 мыңнан астам азаматты қамтиды.