"Иіс шыға бастады": Алматыда адам итті өртеп жіберген

0
217

Ол ауылдағы чатқа фотосын салып, жануардың өлексесін алып тастауды өтінген.


© Sputnik / Александр Мироглов

ERNUR.KZ. Алматы облысының полиция департаменті Боралдайда итті өрттеу оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін әлеуметтік желіде өрттенген иттің суреті тараған болатын. Автордың айтуынша, жануарды басқа адамдардың көзінше өрттеп жіберген.
"Сонда ешкім ештеңе айтпаған, тоқтатқан да жоқ. Осыдан кейін адамдарға қатысты қатыгездік жасалғанда таңқалып отырамыз. Бәрі жануарлардан басталады", - дейді ол.
Алматы облыстық полиция департаменті итті өрттеген адамды тапқан. Оның айтуынша, ит екі-үш күннен бері өліп жатқан. Жаман иіс те шыға бастады. Ауылдағы чатқа фотосын салып, жануардың өлексесін алып тастауды өтінген. Ешкім өлексені алмағаннан кейін өрттеп жіберген. Полицияға барлық дәлелдерін көрсетті.
Дегенмен, тәртіп сақшылары жануарларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Сол кезде оқиғаның мән-жайы анықталады. Барлық дәлел де тексеріледі. Ал тергеудің нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетері, жақында Тоқаев жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдататын заңға қол қойған болатын.