Фото: ua.depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қытай Тайваньның шығысындағы теңіз аумағында теңіз заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы операцияның басталғанын жариялады, деп жазады Stan.kz.
Операцияны Қытайдың Көлік министрлігі Фуцзянь және Гуандун провинцияларының теңіз қауіпсіздігі басқармаларымен, Шығыс Қытай теңізінің навигациялық қамтамасыз ету орталығымен және Шығыс Қытай теңізін құтқару бюросымен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Операцияның мақсаты – Қытайдың теңіз саласындағы әкімшілік юрисдикциясын толық жүзеге асыру, маңызды акваторияларда патрульдеу мен кеме қозғалысын бақылау мүмкіндігін күшейту, теңіздегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық құқықтар мен мүдделерді қорғау.
Қытай тарапының мәлімдеуінше, бұл қадам Жапония мен Филиппиннің Тайваньның шығысындағы теңіз аумағын шектеу жөніндегі келіссөздерді біржақты түрде жариялауына жауап ретінде қабылданған. Бейжің мұны Қытайдың аумақтық егемендігіне, сондай-ақ теңіздегі құқықтары мен мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретін әрекет деп бағалайды.
Жуырда Филиппин президенті Фердинанд Маркос кіші Жапонияға жасаған сапары барысында екі ел ерекше экономикалық аймақ пен континенттік қайраң шекарасын белгілеу жөніндегі келіссөздердің басталғанын мәлімдеген болатын. Жоспарланған шектеу Тайваньның шығыс жағалауына жақын орналасқан теңіз аумақтарын қамтиды.


