Мәскеуде «Қазақстан мен Ресей достығы» сквері ашылды

0
93

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында Мәскеу қаласында «Қазақстан мен Ресей достығы» скверінің ашылу салтанаты өтті.


Мәскеуде «Қазақстан мен Ресей достығы» сквері ашылды

ERNUR.KZ. Жаңа саябақ Мәскеудің Оңтүстік әкімшілік округінде, «Алма-Атинская» станциясының маңында орналасқан, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

«Ресей мен Қазақстан халықтарының достығына арналған тамаша сквердің ашылу рәсіміне қатысу – мен үшін зор мәртебе. Игі жоба Мәскеу қаласы үкіметінің бастамасымен қолға алынып, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі қолдауымен жүзеге асып отыр. Бұл – екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастардың жоғары деңгейін көрсетеді. Сквердің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарихи мемлекеттік сапары қарсаңында ашылып отырғаны да ерекше мәнге ие. Әрине, Мәскеуде де, Ресейдің басқа аймақтарында да, Қазақстанда да осындай қоғамдық орындар аз емес. Дегенмен, олардың көбірек болғаны игі, себебі мұндай нысандар екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен ұрпақтар сабақтастығын айғақтай түседі», – деді Андрей Яцкин.

Іс-шара барысында Аида Балаева Ресей мен Қазақстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік дәстүрлері мен ортақ рухани құндылықтарға негізделген берік байланыс біріктіретінін айтты. Бұл байланысқа тарихы тереңде жатқан мәдени ынтымақтастықтың үздіксіз дамуы негізгі тірек болып отыр.

Министрдің пікірінше, мәдениет екі ел үшін де ағартушылыққа, ұлттық болмыс пен бірлікке бастайтын «рухани көпірге» айналды. Ол өз сөзінде осы жыл да халықтар арасындағы мәдени және шығармашылық байланыстардың мызғымас дәстүрге және бай мазмұнға ие екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

Биыл мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достығы» аллеясы ашылған болатын.