Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген самурай қылышы бастапқы бағадан 7 есе қымбатқа сатылды

0
101

Самурай қылышы 3 413 825 теңгеге өтті.


Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген самурай қылышы бастапқы бағадан 7 есе қымбатқа сатылды

e-qazyna.kz

ERNUR.KZ. Тергеу аясында тәркіленіп, қайтарылған активтерді басқару органына берілген самурай қылышы мен ұлттық өрнегі бар былғары белдік 20 ақпанда электрон саудада сатылды, деп жазады tengrinews.kz.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы екі сәнді бұйымды сатылымға шығарды: қынабымен бірге самурай қылышы және арнайы қораптағы ұлттық өрнекті былғары белдік.

Құжаттарда бұл заттар Карим Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген мүліктің сипаттамасына сәйкес келеді.

Аукцион 20 ақпанда электрон сауда порталында өтті. ҚАБК екі лотты да сатты.

Самурай қылышы 3 413 825 теңгеге өтті. Бұл бастапқы бағасынан (461 312 теңге) 7 есе көп. Қылыштың жүзі болаттан жасалған, қынабы қара түсті, ал сабы бедерлі геометриялық өрнекпен әшекейленген.

Саудаға алты үміткер қатысып, әрқайсысы 69 мың теңге көлемінде кепілдік жарна енгізген.

Ұлттық өрнегі бар былғары белдік 524 261 теңгеге сатылды. Бастапқы бағасы 183 750 теңге болған. Белдік металмен және күміспен соғылған әшекеймен безендірілген, түпнұсқа қорабымен бірге ұсынылған. Саудаға төрт үміткер қатысқан.

Бұған дейін бұл екі лот бірнеше рет саудаға шығарылған. 2025 жылғы қарашада қылыш 542 719 теңгеге сатылғанымен, жеңімпаз ақша төлемегендіктен мәміле күшін жойған.

Еске салайық, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрим Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі сатылымға шығарылғанына бір жыл болды.