Депутат министрліктен құрғақ бұйрықтардың нөмірін емес, балабақшадағы нақты әдебиеттер мен мультфильмдердің атауын талап етті.
Фото: Мәжіліс
ERNUR.KZ. Еліміздегі балабақшаларда ұлттық тәрбие бағдарламасының ақсап тұрғаны және бүлдіршіндердің отандық өнімдердің орнына шетелдік мультфильмдерді көруге мәжбүр екені Мәжілісте өткен брифингте сынға алынды. Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Заитов балабақшалардағы ойыншықтар, әдебиеттер мен отандық анимацияның сапасына қатысты сауал қойды, деп жазады inform.kz.
Сондай-ақ кейбір балабақшаларда баланың психологиясына кері әсер ететін, ЛГБТ символикасы бар ойыншықтардың да кездесетінін ашып айтты.
– Қашан барсаң балабақшада «Маша мен аю» (Маша и медведь) мен «Фиксики» қосылып тұрады. Жалпы ұлттық тәрбие беретін балабақшада бағдарлама бар ма өзі? Нақты сұрақ қояйын, ұлттық тәрбие беруге арналған қандай мультипликация бар, олар Оқу-ағарту министрлігінің тапсырысымен, әлде консультациясымен әзірлене ме? Қандай көрнекілік құралдар бар? Құдай бетін ары қылсын, көп балабақшада ойыншықтарды қарасаң ЛГБТ символикасымен тұрады. Бәлкім сіздер байқамайтын шығарсыздар, ол да қауіпті, – деп сұрады ол.
Бұл сауалға Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова жауап берді. Оның айтуынша, министрлік тарапынан арнайы үлгілік бағдарлама мен көрнекілік құралдардың тізбесі бекітілгенін және бұл құжаттарда ұлттық құндылықтардың бәрі ескерілгенін айтты.
– Оқу министрлігімен оқу бағдарламасының үлгілік бағдарламасы бекітілген. Ұлттық тәрбие, барлық құндылықтар сол бағдарламада айқындалған. 216-бұйрықта көрнекілік оқу кешендерінің бекітілген тізбесі бар. Бұл тізбеде жергілікті атқарушы органдарға осы мектепке дейінгі ұйымдарға әдістемелік оқу кешенін алу құзыреті берілген. Көрнекілік құралдарға 70-бұйрықта тізімдері бекітілген. Соған сәйкес барлық білім беру ұйымдарының қызметі 70 пайызға сәйкес болуы керек, – деп түсіндірді вице-министр.
Депутат министрліктен құрғақ бұйрықтардың нөмірін емес, балабақшадағы нақты әдебиеттер мен мультфильмдердің атауын талап етті. Бұған вице-министр балабақшада қолданылатын құралдардың сипатын түсіндіріп, анимация бойынша жауапты жазбаша жолдайтынын мәлімдеді.
– Ұлттық тәрбие құндылықтарының міндеті осы оқу бағдарламасында айқындалған. Көрнекілік құралдары әр жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Мысалы, циферблат сағаты, әртүрлі жазушылардың портреттері болуы керек не болмаса математикаға байланысты фигуралар болуы тиіс. Соның барлығының тізбесі бізде 70-бұйрықта анықталған. Соған байланысты барлық балабақша қамтамасыз етуге міндетті. Ал мультфильмге қатысты ақпаратты мен жазбаша ғана бере аламын, – деп түйіндеді Шынар Ақпарова.


