Құрылтай сайтында жарияланған құжатқа сәйкес заңнамаға "оккульттік қызметтер" ұғымын енгізу ұсынылып отыр.
Сурет: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда оккульттік қызметтер туралы контент жариялайтын авторларға оны арнайы ескерту белгісімен ұсыну міндеттелмек. Бұл талап бал ашу, болашақты болжау және басқа да осындай қызметтерге қатысты болып отыр, деп жазады tengrinews.kz.
Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында онлайн платформалар мен масс-медиа туралы заң жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаттарының бірі - білім беру контенті мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру, сондай-ақ, азаматтардың құқығын қорғауды күшейту.
"Ұсынылып отырған талаптардың мақсаты - азаматтарға білім беру курстарын ұсынатын тұлғалардың тиісті білімі бар-жоғы туралы, сондай-ақ, ұсынылатын оккульттік қызметтің сипаты туралы ақпарат алуға мүмкіндік беру", - деп түсіндірді Қырықбаев.
Құрылтай сайтында жарияланған құжатқа сәйкес заңнамаға "оккульттік қызметтер" ұғымын енгізу ұсынылып отыр.
Оған оқиғаларды және (немесе) адамның жай-күйін болжауға, өзгертуге немесе оған әсер етуге мүмкіндік беретін табиғаттан тыс не ғылыми расталмаған қабілетке негізделген қызметтер жатады.
Онлайн платформалар мен масс-медиа туралы заң жобасы әзірге Құрылтайдың бірінші оқылымында қаралып жатыр. Құжатта БАҚ-ты тіркеу, мемлекеттік органдар жауаптарын таңбалау және суреттерді пайдалану тәртібін өзгерту, сондай-ақ, аудиовизуалды платформалар мен онлайн кинотеатрларға жаңа талаптар енгізу ұсынылған. Айта кетейік, құжаттағы нормалар одан әрі қарау барысында өзгеруі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда балгерлерге лицензия беру және олардың қызметіне салық салу мәселесі талқыланған еді.


