Баланың екі өкпесі бірдей асқынған.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Атырау облысында бір жастағы баланың қызылшадан қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Автордың жазуынша, сәбидің ата-анасы індетке қарсы екпені салудан бас тартқан, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Ата-анасы баланың жүрегінде туа біткен ақау және қарыншааралық перде ақауы барын себеп қылған. Кардиохирург балаға екпе салуға тыйым салған. Әріптестер, жалған медициналық қарсы көрсетілім беруді қойыңыздар, антиваксерлер ата-аналардың екпемен шошытуды доғарыңыздар», - деп жазды желі қолданушысы.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы болған оқиғаны растады.
«Биыл 14 қарашада Атырау облыстық инфекциялық ауруханасына Жылыой ауданынан ауыр халдегі баланы санитарлық авиациямен алып келді. Бұған дейін сәби аудандық ауруханада жатқан. Осында келгенде баланың жағдайы өте ауыр болды. Екі өкпесі бірдей пневмонияға шалдыққан, тыныс алу жүйесі бұзылған, жүрек жеткіліксіздігі дамыған. Дәрігерлер қарқынды терапияны толық жасады, бірақ баланы аман алып қалу мүмкін болмады», - деді басқарма өкілі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қызылшамен ауруханаға түскен науқастардың көпшілігі вакцина алмаған.
«Қазіргі уақытта 7 науқас стационарлық ем алып жатыр, оның төртеуі қызылшамен ауырып жатыр, қалған үшеуі жұқтырған болуы мүмкін деген күдік бар. 1 қазан мен 17 қараша аралығында өңірде 45 адамның қызылша жұқтырғаны расталды. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 78 жағдай тіркелген еді. Вакцинация мәртебесіне жүргізілген талдау бойынша, ауруханаға түскен науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған. Вакцинация қызылшадан және оның асқынуынан қорғанудың ең тиімді жолы. Сонықтан сақтық танытып, аурудың алдын алу шараларын жасауға кеңес береміз», - деді басқармадан.


