Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі хабарлады.
ERNUR.KZ. 18 қарашада Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында XXII «Kaztraffic-2026» халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға ҚР Көлік министрлігінің өкілдері, сала ұйымдары мен халықаралық кәсіби қауымдастық мүшелері қатысты. Көрмені Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ашты.
Құттықтау сөзінде Мақсат Қалиақпаров автомобиль жолдарының өңірлерді дамытудағы және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ жол құрылысының сапасы мен заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заманауи автомобиль жолдары желісінің өңірлерді дамыту және елдің транзиттік әлеуетін нығайту үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Бұл бізден жол құрылысы кезінде материалдардың сапасын және технологиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауды талап етеді. Өйткені жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жол жабынының ұзақ мерзімді пайдаланылуы осыған тікелей байланысты», – деді вице-министр.
Биыл көрмеге отандық және шетелдік 150-ден астам компания қатысып, жол-құрылыс техникасын, жабдықтарды, заманауи материалдар мен көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған технологиялық шешімдерді ұсынды.
Көрме экспозициясында автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау, көпір құрылыстарын диагностикалау, жол саласын цифрландыру және интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу бағытындағы әзірлемелер таныстырылды. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға, оның ішінде көлік ағындарын мониторингтеу, бағдаршамдарды адаптивті басқару, интеллектуалды бейнебақылау және автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау жүйелеріне басымдық берілді.
18–19 қараша күндері көрменің іскерлік бағдарламасы аясында Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің отырысы, Дүниежүзілік жол қауымдастығының (PIARC) іс-шаралары, «Жолдар және инновациялар» атты II халықаралық ғылыми-практикалық конференция және заманауи битум материалдарына арналған арнайы семинар өтуде.
«Kaztraffic-2026» көрмесі 20 қарашаға дейін жалғасады.


