Маңғыстауда «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығы өз мәресіне жетті

0
137

Іс-шараларға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысты.


Маңғыстауда «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығы өз мәресіне жетті

ERNUR.KZ. Бүгін, 12 тамыз – Каспий күніне орай Ақтау қаласында «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығының жабылу салтанаты өтті. Іс-шараға сегіз елдің делегациялары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, волонтерлер мен жастар қатысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігі.

Халықаралық волонтерлік апта 6-12 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған 2026 жылғы Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, волонтерлік қозғалысты дамыту, экологиялық жауапкершілікті арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Іс-шараларға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысты.

Апталық бағдарламасы экология, халықаралық ынтымақтастық және жастар бастамаларын қамтыды. Оның аясында «Бір Каспий – бір болашақ» халықаралық сараптамалық сессиясы, «Caspian Clean Challenge» экологиялық марафоны, Каспий маңы елдерінің «Достық аллеясының» ашылуы және халықаралық «Caspian Hackathon» өтті.

Сараптамалық сессияда Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері талқыланды. Ал экологиялық марафон барысында волонтерлер Каспийдің тазалығы мен табиғи мұрасын сақтауға бағытталған бастамаларға қатысты.

Апталықтың ерекше символына айналған «Достық аллеясында» 2046 жылғы ұрпаққа арналған уақыт капсуласы салынды. Болашаққа жолданған бұл үндеу ұрпақтар сабақтастығы мен Каспийді сақтаудағы ортақ жауапкершіліктің символына айналды.

Жастар бағытын «Caspian Hackathon» халықаралық хакатоны жалғастырды. Байқауға 80 командадан өтінім түсіп, 200-ге жуық жас қатысты. Оның ішінде 30 команда финалдық кезеңге жолдама алды. Қатысушылар өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған технологиялық жобаларын ұсынды.

Халықаралық қонақтар Бозжыра шатқалына барып, Маңғыстаудың табиғи және мәдени мұрасымен танысты.

Апталық өңірдің ұлттық мұрасы мен шығармашылық қойылымдары ұсынылған мазмұнды мәдени бағдарламамен қорытындыланды. Бағдарлама барысында сегіз елдің музыкалық дәстүрлері тоғысып, алғаш рет халықаралық волонтерлердің «VOLUNTEERS OF THE WORLD» әнұраны орындалды.

«Caspian Sea Action Week – 2026» аяқталғанымен, оның басты идеясы – бір Каспий, бір жауапкершілік, ынтымақтастықтың бір кеңістігі және ортақ болашақ – жалғасын табады.

Маңғыстау халықаралық диалог, достық және жаңа бастамалар алаңына айналды. Ендігі маңызды міндет – осы серпінді сақтап, қол жеткізілген уағдаластықтарды Каспий теңізі мен келер ұрпақ игілігі үшін нақты бірлескен жобаларға айналдыру.