Қызылордада заңсыз ұсталған 14 адам уақытша ұстау изоляторынан босатылды

0
284

Қызылорда облысында биылғы жылдың алғашқы 6 айында қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеді.


Қызылордада заңсыз ұсталған 14 адам уақытша ұстау изоляторынан босатылды

Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

ERNUR.KZ. Бұл туралы облыстық прокуратураның жартыжылдық жұмыс қорытындысында айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Прокуратура мәліметінше, қылмыстың алдын алу мақсатында бұрын сотталған және құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтармен профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Осы бағытта құрылған мобильді топтар есепте тұрған 1500-ден астам азаматтың тұрғылықты жері мен жұмыс орындарын тексеріп, олардың қайта қылмысқа бармауы үшін нақты шаралар қабылдаған.

Нәтижесінде, өңірде аса ауыр қылмыстар 5 пайызға, қорқытып алу деректері 80 пайызға, ұрлық 34 пайызға, мал ұрлығы 36 пайызға және бұзақылық фактілері 48 пайызға азайған.

Облыстық прокуратура азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жұмыстарының нәтижесін де жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, құқық қорғау органдарының азаматтардың құқықтарына тікелей әсер ететін 38 процессуалдық шешімімен прокурорлар келіспеген.

Сондай-ақ прокурорлардың қаулысы негізінде заңсыз ұсталған 14 адам уақытша ұстау изоляторынан босатылған.

Тергеу сапасын арттыру мақсатында берілген нұсқаулар мен ұсыныстардың нәтижесінде 310 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 37 адамның іс-әрекетін саралау туралы қаулылар келісілмей, дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты 16 қылмыстық іс ақтау негізінде тоқтатылды.