Елордада ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
ERNUR.KZ. Тараптар бұқаралық спортты қолжетімді ету, саламатты өмір салтын насихаттау және өңірлер мен ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қоғамдық қордың әлеуметтік жобаларды іске асырудағы белсенділігін атап өтіп, мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен меценаттардың бірлесе атқаратын жұмысы әлеуметтік саясатты нығайтудың маңызды тетігі екенін жеткізді. Аталған меморандум ел азаматтарының игілігі үшін кешенді әрі тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Спорт пен туризмді дамыту – жүйелі тәсілді қажет ететін негізгі міндет. Салаларда тұрақты дамуы үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Министрлік жоғары жетістіктер спортын және бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ туризм саласын ілгерілетуге жауапты. Бүгінгі меморандум нақты халықтың қажеттіліктеріне негізделген бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады», – деді Ербол Мырзабосынов.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды. 2024 жылы Қор қаражаты есебінен Жетісу облысында екі жоба іске асырылған. Жалпы республика бойынша 90 жабық спорт нысанының құрылысы аяқталған. Соның 61-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар Астанада Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион, Алматы облысы Кеген ауданы Жалағаш ауылында спорт кешені және Көкшетау қаласында көпсалалы кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қор мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 10 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Кездесу барысында балаларды қолжетімді спорт инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда еліміздің әрбір ауданы мен ауылында балаларға арналған футбол алаңдары салынуға тиіс. Қазіргі таңда министрлік осы бағыттағы іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Ал жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 6 926 балалар футбол алаңы жұмыс істеп тұр. Бұған қосымша тағы 1 489 алаң салу қажет.
Тараптар ашық ақпарат алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу және келісілген қолдау тетіктері негізінде өзара іс-қимылды жолға қоюға ниетті. Меморандумның қолданыс мерзімі 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.