ҚР ІІМ: жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендеді

0
102

Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі Қазақстан басшылығы және барлық мүдделі мемлекеттік органдардың ерекше назарында. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері полиция органдарының жауапкершілігіне жатады.


ҚР ІІМ: жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендеді

ERNUR.KZ. Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті, ол балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды біріктіреді. Ағымдағы жылды ҚР ІІМ «Заң және тәртіп – балалық шақ қауіпсіздігінің кепілі» жылы деп жариялады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, кешенді жедел профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда: акциялар, тұрғылықты мекенжайларға бару, мектептерде дәрістер өткізу, «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» және басқа да жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Бұл құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Балалардың құқықтық санасын арттыруға ерекше назар аударылуда. «Ерлік сабағы» атты батылдық сабақтары мен жеке қауіпсіздік бойынша дәрістер өткізіледі. Осы шараның барлығы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты 30%-ға, ал жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстарды 2,1%-ға төмендетуге мүмкіндік берді», – деді Ғалым Сарғұлов.

Алайда, тәжірибе көрсеткендей, оң нәтижеге тек полиция күшімен қол жеткізу мүмкін емес. Барлық профилактика субъектілерінің белсенді қатысуы, сондай-ақ психолог мамандардың жұмысын күшейту қажет. Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, құқық бұзушылықтардың алғышарттары көбіне тиісті тәрбие мен бақылаудың болмауымен байланысты.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мектеп директорларына және педагогикалық ұжымдарға үндеу жасаймын: көп нәрсе сіздердің қырағылықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңізге байланысты. Педагогтер кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған құқыққа қарсы әрекет деректері туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Бұл мәселеде ешкім бейжай қалмауы тиіс», – деді ол.

Сондай-ақ спикер жасөспірімдердің ата-аналарына да үндеу жасады.

«Балаларды қараусыз қалдырудың көбіне салдары ауыр болады. Баланың бос уақытында немен айналысатынын және кімдермен араласатынын білу маңызды. Интернетке еркін қолжетімділік жағдайында кәмелетке толмағандар құқыққа қарсы әрекеттерге, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымына тартылуы мүмкін. Көбіне бәрі темекі шегу мен психоактивті заттарды қолданудан басталады. Кез келген күдік туындаған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет. Әрбір хабарлама тіркеліп, жедел шаралар қабылданады», – деп атап өтті Ғалым Сарғұлов.