Қостанайда Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан марқұмың зиратын тонап кеткен

0
218

Қостанайда Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан қыздың зиратына орнатылған бейнебақылау камерасын белгісіз біреулер ұрлап кеткен.


Қостанайда Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан марқұмың зиратын тонап кеткен

фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қостанайда Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан қыздың зиратына орнатылған бейнебақылау камерасын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Марқұмның туыстары қабірді бұзақылардан қорғау үшін камера орнатқан. Алайда бұл да оларға кедергі болмаған. Енді отбасы биліктен зират аумағын ретке келтіріп, күзет ұйымдастыруды талап етіп отыр, деп жазады stan.kz.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан Салимат Джутаева Қостанайда жерленген. Марқұмның анасы зираттағы ұрлық мәселесіне назар аударту үшін екінші рет журналистерге жүгінген.

Бұл жолы белгісіз біреулер қызының зиратына жақын маңда орнатылған бейнебақылау камерасын ұрлап кеткен. Туыстары камераны қабірді бұзақылардан қорғау үшін өз қаражатына орнатқан.

Марқұмның анасы Ұлтуған Джутаеваның айтуынша, камераны зиратты тонаушылардан қорғап, олардың жолын кесу үшін қойған. Алайда ұрылар құрылғыны тіреуішінен жұлып алып кеткен.

"Біз бұл жерді қорғау үшін бейнекамера орнатуды жөн көрдік. Ол мародерлерді қорқытады деп ойладық. Бірақ олай болмады. Камераны тіреуішінен жұлып, түгелімен алып кеткен. Жақсы болғаны, полиция күдіктіні ұстады. Оның көзіне қарап, мұны не үшін істегенін сұрағым келеді. Бұл жерде ешқандай қорғаныс жоқ. Қоршау да жоқ. Адамдар ештеңеден тайынбайтын болған", – деді ол.

Камера зиратта бұған дейін болған кезекті ұрлықтан кейін орнатылған. Белгісіз біреулер марқұмның анасы қызының қабірінің жанына отырғызған бұталарды қазып алып кеткен. Бұған дейін зираттан бірнеше рет тірі гүлдер де жоғалған. Тіпті бірде қаскөйлер мәрмәр орындықты алып кетуге әрекеттенген. Алайда туыстары мұны дер кезінде байқап қалған.

Зираттағы жағдаймен өз күшімен күресуден шаршаған отбасы бейнебақылау камерасын орнатуға шешім қабылдаған.

"Өз қаражатымызға баған орнатып, күн батареясымен жұмыс істейтін камера қойдық. Бірақ оны да ұрлап кетті. Мұнда ешқандай бақылау жоқ", – деді марқұмның ағасы Руслан Джутаев.

Қостанай облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Айри Темиргалиева полиция қызметкерлері бұл іске қатысы болуы мүмкін адамды анықтағанын хабарлады.

"Полиция қызметкерлері аталған құқықбұзушылыққа қатысы болуы мүмкін адамды анықтады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Ал Қостанай ауданының әкімдігі зиратты абаттандыруға бюджетте қаражат қарастырылмағанын мәлімдеді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Денис Петрухноның айтуынша, аудандық және облыстық бюджеттен қаржы бөлу туралы өтінім берілген. Алайда әзірге ол мақұлданбаған.

"Аудандық және облыстық бюджеттен қаржыландыруға өтінім берілді. Қазіргі уақытта өтінімдер мақұлданған жоқ. Енді 2027 жылға арналған бюджеттік өтінімді қайта дайындау мәселесімен айналысамыз", – деді ол.

Айта кетейік, өткен жылы депутаттар елдегі зираттардың жағдайын ретке келтіру мәселесін көтерген. Олар Үкіметке зираттардың тек мемлекеттік меншік нысандары ретіндегі мәртебесін заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынған. Сондай-ақ зираттарды күтіп-ұстаумен және жерлеу қызметтерін көрсетумен айналысатын мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және сату жөніндегі кешенді жоспардан шығаруды сұраған.