ТМД елдеріндегі жұмыссыздық: Қазақстан нешінші орында

0
189

ТМД елдері бойынша жұмыссыздықтың орташа деңгейі 2024 жылғы 3,4 пайыздан 2025 жылы 3,1 пайызға дейін азайған.


ТМД елдеріндегі жұмыссыздық: Қазақстан нешінші орында

фото: Sputnik / Тимур Батыршин

ERNUR.KZ. Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 4,6%-ды құрады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 0,3 пайызға төмен, деп жазады sputnik.kz.
Жалпы конфедерация кәсіподақтарының мәліметінше, кейінгі бес жылда жұмыссыздық деңгейі Өзбекстан мен Қырғызстанда айтарлықтай төмендеген. Өзбекстанда көрсеткіш 10,5%-дан 4,8%-ға, Қырғызстанда 5,8%-дан 3,2%-ға түскен. Ресейде жұмыссыздық 2,2%, Беларусьте 2,5% болған. Ал Арменияда бұл көрсеткіш 12,8%-ға жетіп, ТМД елдері арасында ең жоғары деңгейде тіркелген.
ТМД елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі:
Армения – 12,8%
Әзербайжан – 5,2%
Өзбекстан – 4,8%
Қазақстан – 4,6%
Молдова – 3,8%
Қырғызстан – 3,2%
Беларусь – 2,5%
Ресей – 2,2%.
Айта кетері, Тәжікстан мен Түрікменстан бойынша салыстыруға қажетті мәліметтер берілмеген.
Қазақстан өңірлері арасында жұмыссыздық Маңғыстау облысында жоғары болды – 5,1%. Павлодар және Атырау облыстарында бұл көрсеткіш 4,9%-ды құрады.

Қазақстанда 333 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелген

2026 жылдың бірінші жартысында ТМД елдеріндегі жұмыссыздар саны 3,8 миллион адамға жеткен. Маусым айында жұмыспен қамту қызметтерінде ресми тіркелген жұмыссыздардың саны Қазақстанда 333,1 мың адамды құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5%-ға аз.
Ресейде ресми тіркелген жұмыссыздар саны 300,6 мың адам болса, Әзербайжанда 248,5 мың адам болған. Ал Беларусьте мұндай азаматтардың саны шамамен 3 мыңды құраған.

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы

2026 жылғы маусымда ресми тіркелген жұмыссыздардың 77,4%-ы Ресейде, 51,1%-ы Молдовада жәрдемақы алған. Қырғызстанда бұл үлес небәрі 0,1%-ды құраған.
Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алу үшін азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. 2026 жылы төлем мөлшері ең төменгі 26,8 мың теңгеден ең жоғары 348,1 мың теңгеге дейін болған.
Ал орташа жәрдемақы мөлшері Молдовада 281,8 доллар, Әзербайжанда 249,9 доллар болған. Беларусьте бұл көрсеткіш 11,6 долларды құраған.