Балқашта кәмелетке толмаған апалы-сіңлілінің туыстары қыздар жыныстық қанауға ұшырағанын, кейін интимдік суреттер мен видеолар арқылы бопсаланғанын айтты.
Иллюстративті фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Жақындарының сөзінше, мектеп оқушыларын сыйлықтар және ойын-сауықпен тартып, кейін ер адамдармен жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеген. Полиция тергеуді бастады, деп жазады tengrinews.kz.
Жәбірленушілер - 13 және 15 жастағы апалы-сіңлілі екі жасөспірім. Туыстарының айтуынша, оқиға биыл маусымда басталған: сол кезде көшеде қыздармен олардан үлкенірек қыз танысқан. Ол жасөспірімдерді дәмханаға шақырып, сыйлықтар беріп, кейін өз ортасымен таныстырған. Жақындарының сөзіне қарағанда, жаңа таныстары да мектеп оқушыларына ерекше ілтипат көрсетіп жүрген.
"Жаңа құрбылары басында қыздарымыздың сеніміне кіріп алған. Олар дәмханалар ақысын төлеп, косметика мен әртүрлі ұсақ-түйек сыйлап, қыдыртып жүрген. Бірте-бірте ішімдік ішіп, шылым шегуге итермелей бастаған. Сондай кездесулердің бірінен кейін қыздарды үйіне көлікпен жеткізіп тастауға уәде берген. Жаңа құрбылары таныс жігіттерін шақыртқан, олар жолда апалы-сіңлілі екеуін де зорлап кеткен. Онымен қоса, видеоға түсіріп алып, бопсалай бастаған", – деді қыздардың әкесі.
Оның айтуынша, осыдан кейін қыздарды ер адамдармен жыныстық қарым-қатынас жасауға мәжбүрлеген, бас тартқан жағдайда қоқан-лоққы көрсетіп, ұрып-соққан. Қыздарды интимдік материалдарды таратамыз деп бопсалап, әкесі жұмысқа кеткен кезде үйінен алып кетіп отырған.
Әкесінің сөзінше, қыздары мұндай жағдайға кәмелетке толмаған басқа да қыздар ұшыраған болуы мүмкін екенін жеткізген. Оның болжамы бойынша, қыздармен кездестіру үшін ер адамдарды Telegram-арна арқылы іздестірген.
Ер адам қыздарын жалғыз тәрбиелеп отырғаны белгілі болды.
Tengrinews.kz тілшісі пікір алу үшін Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіне хабарласты, мекеме өкілдері бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
"16 қарашада полицияға Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны қыздарына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалғаны бойынша арызбен жүгінді. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Құқыққа қайшы әрекеттер әртүрлі уақытта және әртүрлі жерде жасалғаны анықталды. Ұсталғандардың бәрі уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Ресми мәлімет бойынша, тергеуге департаменттің тәжірибелі қызметкерлері тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске сала кетейік, 12 қарашада Қарағандыда колледждің 16 жастағы студентін зорлауға кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған бес жасөспірімге үкім шықты. Оларға 5 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер жәбірленушіні түнгі клубтан мас күйінде алып кетіп, дәрменсіз күйін пайдаланған. Олар қызды жалдамалы пәтерге апарып, қорлаған, болған жайтты видеоға түсіріп алып, біреуге шағымданса, бейнежазбаны тарататынын айтып қорқытқан.


