Төбелес 29 маусым күні Авиагородок шағын ауданында болған.
Фото: Stan.kz/ChatGPT арқылы жасалды
ERNUR.KZ. Ақтөбеде 16 жастағы мектеп оқушысы жасөспірімдер арасындағы төбелеске қатысып, салдарынан көзі жарақаттанды, деп жазады stan.kz.
Төбелес 29 маусым күні Авиагородок шағын ауданында болған. Төбелес кезінде жасөспірімнің көзілдірігінің әйнегі сынған, оның ұсақ сынықтары көзіне кіріп кеткен. Қазір мектеп оқушысы екінші операцияға дайындалып жатыр.
Туыстарының айтуынша, бала көру қабілетінен айырылуы мүмкін. Ал полиция тергеуді созбалаңға салып отыр екен.
"Шыны ссынықтары көзіне кіріп кетті. Бір операция жасалды, бірақ ол жеткіліксіз. Ккөзі көрмей қалуы мүмкін", – дейді жәбірленушінің әпкесі.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті оқиғаның болғанын растады. Мәліметке сәйкес, төбелеске қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
"Жасөспірімдер арасындағы жанжал кезінде күдікті оқушыны ұрып жіберген. Салдарынан жәбірленушінің көзілдірігі сынып, әйнегі көзіне кіріп кеткен. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі", – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, балаларды тәрбиелеу міндетін дұрыс атқармағаны үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылып жатыр. Дегенмен, баланың туыстары тергеудің баяу жүріп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді.
"Құр уәде беріп, созып келеді. Тергеу тым баяу жүріп жатыр", – дейді баланың жақындары.