«Қорғас» АЭА аумағында 32 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
ERNUR.KZ. Қазір тағы 32 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың ішінде ENVISION жел қондырғылары мен энергия сақтау жүйелері зауыты, MacCoffee кофелік және шайлық сусындар зауыты, «SkyHansa» халықаралық әуежайы сынды ірі жобалар бар. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жаңғырту жүргізіліп, екінші жүк терминалы іске қосылды, Face ID және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жасалып, «Қазпошта» АҚ жеке тұлғалар мен шағын компаниялардың жүктерін тасымалдауды бастады. Нәтижесінде Орталыққа келушілер саны 2 есе артып, тәулігіне 5 мың адамға жетті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 3,6 млрд теңге салық және кедендік төлем жиналса, 2025 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 6,9 млрд теңгеге жеткен.
«Нұр жолы» бекетінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында ірі габаритті көліктер үшін айналма жолдың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жеңіл автокөліктерді «Қорғас» ШЫХО арқылы өткізу жоспарлануда. Бұл «Нұр жолы» бекетінің жүктемесін азайтып, оның өткізу қабілетін 30–40%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Алтынкөл–Жетіген бағытында екінші теміржол желісі салынып жатыр. Бұл жобалар Алтынкөл станциясының өткізу қабілетін айтарлықтай арттырады.
Үшарал қаласының әуежайындағы ұшу-қону жолағының реконструкциясы аяқталып, ол жолаушылар және жүк әуе кемелерін қабылдай бастайды. Жаңа аэровокзал кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.
«Өткен жылы жаңа «NURZHOLY Customs Service» автомобильдік уақытша сақтау терминалы іске қосылды. Биыл жаңа «Алакөл» автомобильдік кеден посты ашылды. «Достық–Мойынты» учаскесінде екінші теміржол жолдарының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ «Достық» станциясында жаңа терминал ашылып, вокзал жөнделді», — деп қосты әкім.


