Жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар.
ERNUR.KZ. Бүгін Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстардың негізінде әзірленді.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.
«Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады», – деп атап өтті Конституциялық комиссияның мүшесі.
Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталуда.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.
«Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді», – деп мәлімдеді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол негізгі өзгерістерді де атап өтті: жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады.
Конституцияның Преамбуласын жаңа редакцияда толық өзгерту ұсынылып отыр, ол жаңа ұлттық құндылықтарды және қазіргі заманның талаптарын ескере отырып дайындалған.
Оның айтуынша, Преамбулада Конституцияны қабылдаудың негізгі мақсаттары, қағидаттары, құндылықтары және себептері бекітілген. Сондай-ақ, қоғамдық бағдарды анықтайтын мемлекеттің миссиясы, тарихи контекст пен мәдени ерекшеліктер көрініс табады. Жалпы алғанда, Преамбула қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқындайды.
Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай күшейтіледі.
Жоба таныстырылымында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсынылған өзгерістердің басты тұстарына ерекше тоқталып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімнің жаңа атауы қарастырылған мәселелерді толық қамтитын атап өтті. Бұл ретте ұсынылған новеллалар адамның ең жоғары құндылық екені туралы қағидатқа сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру және қорғау кепілдіктерін күшейтеді және толықтырады.
«Бұл өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері күшейтіледі.
«Аты өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімінде айтарлықтай өзгерістер көзделген. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәселелері бойынша маңызды түзетулер кіреді», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Сондай-ақ, ол Конституциялық комиссия мүшелерінің назарын адвокатураның құқықтық мәртебесін бекітетін жеке баптың қарастырылғанына аударды.
«Президент» бөлімінің ережелері тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды: президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары.
«Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа бап енгізілді», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу аясында «Құрылтай» бөліміне кең ауқымды түзетулер жобасы дайындалды.
«Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Құрылтайдың сессиялары мен қызметін ұйымдастыруға қатысты барлық баптар жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъектілердің тізімі кеңейтілді. Құрылтай қабылдаған заңдармен реттелетін негізгі қоғамдық қатынастардың тізімі кеңейтілді. Заң жобаларын қарау және қабылдау рәсімдерін реттейтін ережелер қайта қаралды», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, республика азаматтары арасынан құрылған Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты ережелер жеке бөлімде шоғырланған. Сондай-ақ, жаңа жоғары кеңес органы Қазақстан халқының мүдделерін білдіру және заң шығару бастамасы құқығына ие болатыны бекітіледі.
Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін қарастыратын норманы енгізу ұсынылуда. Бұл Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметі және Алатау қаласын дамытуға қатысты.


