"Кішігірім Үндістан": Алматы аялдамасында автобус күткен қалың қауым жұрттың жағасын ұстатты

0
233

Tik Tok әлеуметтік желісінде Абай мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында ондаған адамның аялдамада тұрған видеосы тарады.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Абай мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысындағы аялдамада адамдардың көп жиналып, автобус күтіп тұрған видеосы тарады, деп жазады stan.kz.

Tik Tok әлеуметтік желісінде Абай мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында ондаған адамның аялдамада тұрған видеосы тарады. Видео авторының айтуынша, қаумалаған адам автобус күтіп тұр.

Қала тұрғындарының көптігіне қарағанда “Қоғамдық көліктер сирек жүреді ме?” деген сауал туды. Осыған байланысты “Алматыэлектротранс” ЖШС компаниясынан пікір білдіруін сұрадық.

“Абай мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысымен жүріп өтетін №55 маршрутқа күн сайын жұмыс күндері 18 автобус және демалыс күндері 16 автобус шығады”, – деп жауап берді компания.

Ал Алматы қаласы әкімдігі қала тұрғындарының аялдамада автобусты не себепті көп күтіп қалатынын және оны алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

"Метрополитен" КМК ақпаратына сәйкес, кешкі қарбалас уақытта "Бауыржан Момышұлы" станциясынан әр 6 минут сайын 400-ге жуық адам шығады, осыған байланысты аялдама пунктінде адамдар көп жиналады. Алайда қысқа уақыт ішінде, яғни әр 2-3 минут сайын автобустар қатынайды. Қазір метроның "Б.Момышұлы" станциясының аялдамасынан Абай даңғылымен батыс бағытта 7 автобус жүреді: № 44, 49, 55, 78, 110, 142, 244, оған 73 бірлік автобус тартылды. Айта кету керек, аялдама пунктінде адамдардың көлік күтіп, көп жиналып қалмас үшін №55 (12-ден 18 бірлікке дейін) және №49 (8-ден 12 бірлікке дейін) бағыттар күшейтілді”, – делінген хабарламада.

Ведомство 2024 жылдың соңына дейін сыйымдылығы көп автобустарға арналған №49 бағыттағы жылжымалы құрамды жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

“Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін "Долан" поселкесі бағытында жаңа қала маңындағы маршрутты ашу және қолданыстағы маршруттың қозғалыс сызбасын "Қырғауылды" поселкесіне дейін ұзарту жоспарланған. Жалпы биыл желтоқсан айына дейін басқарма қала маңы бойынша жаңа 20 бағытты ашуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, қаланың көлік қаңқасы аясында қосымша метро станцияларын салу жоспарлануда. Келесі жылдың соңында "Қалқаман" станциясын ашу жоспарда бар, жалпы желі батыс бағытта "Барлық" базарына дейін жалғасады”, – деп мәлімдеді қала әкімдігі.