Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағытталатын болады.
фото ЖИ көмегімен әзірленді
Қазақстандағы өңірлік даму саясаты әркез алға қадам басып келеді. Осы уақытқа дейін инфрақұрылым проблемасы жолдарды жөндеу, тұрғынүй салу, коммуналдық желілерді жаңғырту жұмыстары арқылы реттеліп келсе, енді елді мекендердің кешенді дамуына ерекше көңіл бөлінбек. Яғни қалада да, ауылда да халықтың сапалы ауызсумен, тұрақты электр қуатымен, жылу, баспана және қауіпсіз жолмен қамтылуы басты назарда болады.
Сәйкесінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында ұсынылған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы осы міндеттерді іске асыруға негізделген. Одан бөлек, 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағытталатын болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта бөлінетін қаржыға ғана емес, жобалардың халық өміріндегі нақты нәтижесіне басымдық беріледі
«Халықтық құрылыс» бастамасының табысты жүзеге асуы бірнеше маңызды факторға байланысты болмақ:
Біріншіден, әрбір жобаның әлеуметтік-экономикалық негіздемесі нақты болуы қажет;
Екіншіден, құрылыс сапасы мен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау күшейтілуі тиіс;
Үшіншіден, жергілікті тұрғындардың қажеттілігі мен ұсыныстары жобаларды жоспарлау кезеңінен бастап ескерілуі керек.
Сондай-ақ, алдағы кезеңде отандық өндірісте әзірленген құрылыс материалдарын, инженерлік жабдықтарды және жергілікті өндіріс мүмкіндіктерін пайдалану маңызды бағыттың біріне айналмақ. Бұл бір жағынан құрылыс шығындарын оңтайландыруға, екінші жағынан ішкі өндіріс және жұмыспен қамтуды қолдауға ықпал етеді деп болжанып отыр. Өйткені, бүгінгі Қазақстан үшін инфрақұрылымды жаңғырту – тек құрылыс саласындағы міндеттердің бірі емес. Бұл – бәсекеге қабілетті экономиканы нығайтуға, өңірлер арасындағы даму айырмашылығын қысқартуға және азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталатын ұзақ мерзімді жоспар болып саналады.
Сондықтан да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаңа кезеңнің басты көрсеткіші бой көтерген нысандардың саны емес, сол нысандардың тұрғындардың тұрмысына енгізген нақты өзгерістері болуы керектігін қадап айтты. Мемлекет басшысының ойынан ұққанымыз - жаңадан салынған жолдар елдімекендердің экономикалық мүмкіндігін ұлғайтса, жаңғыртылатын немесе салынатын жылу желілері халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етсе, көптеп салынып жатқан тұрғынүйлер елдегі жанялардың баспанаға қатысты проблемаларын шешсе, сонда ғана инфрақұрылымды жаңғыртуға салынған инвестиция өзін-өзі ақтайды.
Б.Мейірханұлы,


