Моңғолия президенті отставкаға кететінін мәлімдеді

0
192

Ухнаагийн Хүрэлсүхтің айтуынша, кейінгі айда оның есімін қаралап, мемлекет басшысының беделіне нұқсан келтіру әрекеттері бірнеше рет жасалған.


Моңғолия президенті отставкаға кететінін мәлімдеді

Фото:facebook.com/presidentMGL

ERNUR.KZ. Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх ауыр қылмыстар бойынша айыпталуына байланысты өз беделін қалпына келтіру үшін өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Моңғолия президенті не деді?

Ухнаагийн Хүрэлсүхтің айтуынша, кейінгі айда оның есімін қаралап, мемлекет басшысының беделіне нұқсан келтіру әрекеттері бірнеше рет жасалған.

"Моңғолия президентіне ауыр қылмыстар бойынша айып тағылып отыр. Бұған жол беруге бола ма? Мен біраз уақыт бойы болып жатқан жағдайды бақыладым. Бұл – жауапты лауазым. Моңғолияда елді жекелеген адамдар емес, заң басқарады", – деді ол.

Хүрэлсүхтің хабарлауынша, кеше Моңғолия Демократиялық партиясының парламенттік фракциясы оның отставкаға кетуін қолдап, шындықтың ашылуын талап еткен.

Президент бұл талаппен келісетінін мәлімдеді.

"Мен мұнымен келісемін. Моңғолия президенті ретіндегі өкілеттігімді тапсырамын. Маған қатысты тергеу жүргізіліп, абыройым қалпына келтіріледі", – деп толықтырды Хүрэлсүх.

Айыптаулар неге байланысты?

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Ухнаагийн Хүрэлсүхке жемқорлық бойынша айып тағылған болуы мүмкін. Mongolia Daily басылымының жазуынша, айыптаулар "Таван-Толгой - Гашуунсухайт" теміржолы құрылысына арналған құпия тендерге қатысты. Бұл тендерде "Bodi Group" компаниясы жеңіске жеткен болатын. Саясаткерлер жалпы сомасы 110 миллион доллар пара алған болуы мүмкін деген болжам бар.

Моңғолия президенті туралы не белгілі?

Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылдың 25 маусымынан бері Моңғолия президенті лауазымын атқарып келді. Сайланғанға дейін ол 2017–2021 жылдары ел үкіметін басқарды, вице-премьер қызметін атқарды және Моңғол халық партиясының төрағасы болды.