Қазақстан COP31 аясында қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

0
191

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.


Қазақстан COP31 аясында қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 16 қарашада Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) жоғары деңгейдегі министрлік дөңгелек үстеліне қатысты.

Күннің басты іс-шарасы COP31 Төрағалығының бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған, қоршаған орта және климат мәселелеріне жауапты ТМҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелі болды.

Отырыс барысында қатысушылар климаттық және экологиялық күн тәртібіндегі негізгі бағыттар бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, таза энергетикаға көшу, электрлендіру, жасыл экономиканы және ресурстарды басқарудың айналымды моделін дамыту мәселелері талқыланды. Қалдықтар секторындағы метан шығарындыларын қысқарту, қалалардың, теңіз және жағалау аумақтарының климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру, сондай-ақ климаттық қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Әлібек Қуантыров түркі әлемі елдерінің трансшекаралық экологиялық және климаттық проблемаларды шешу жолындағы күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ су қауіпсіздігі, жердің тозуы, табиғи экожүйелерді сақтау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне тоқталды.

Министр Қазақстанның Арал теңізінің экожүйелерін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстары туралы баяндады.

Арал теңізінің құрғаған табанының Қазақстанға тиесілі бөлігінің аумағы шамамен 2,8 млн гектарды құрайды. 1990 жылдан бері 1,3 млн гектар аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді.

Бұл - теңіз табанының Қазақстанға тиесілі бөлігінің 46 пайызынан астамы. Оның ішінде 1,1 млн гектардан астам аумақ 2021-2025 жылдар кезеңіне тиесілі.

Бұл - тозған экожүйелерді қалпына келтіруге, жылжымалы құмдарды бекітуге, тұзды-шаңды дауылдардың таралуын азайтуға және Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған Қазақстанның ауқымды экологиялық бастамаларының бірі.

Сонымен қатар Каспий теңізінің жай-күйіне мониторинг жүргізу, оның ішінде жағалаудағы 50 нүктеде су сапасын бақылау жұмыстары атап өтілді.

Министр Түркияның Бірінші ханымы Эмине Ердоғанның және Zero Waste («Қалдықсыз әлем») жаһандық бастамасының Қазақстанда қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Атап айтқанда, ол Эмине Ердоған ханымның биыл мамыр айында Астанадағы аграрлық университет базасында бейінді ғылыми-практикалық зертхананың ашылуына қатысқанын еске салып, бұл ынтымақтастықтың практикалық маңыздылығына тоқталды.

Бұдан бөлек, айналымды экономиканы дамыту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, ең озық қолжетімді техникаларды енгізу және Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шаралары таныстырылды. Жалпы халықаралық міндеттемелерден нақты бірлескен жобалар мен практикалық шешімдерге көшудің маңыздылығы атап өтілді.

Екіжақты күн тәртібі аясында Министр Польша Республикасының Климат және қоршаған орта министрі Паулина Хеннинг-Клескамен кездесу өткізді. Тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттық саясат және тұрақты даму салаларындағы екіжақты әріптестікті нығайту перспективаларын талқылады.

Қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау, жасыл технологиялар мен ең озық қолжетімді техникаларды енгізу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру, ормандарды қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау бағыттарындағы тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ шығарындыларды бір мезгілде азайта отырып, көмір генерациясын дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, көмірді пайдалану кезінде экологиялық жүктемені төмендетуге және неғұрлым таза энергетикаға кезең-кезеңімен көшуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялық шешімдерді қолдану мәселелері қаралды. Польша тарапы энергетика секторын трансформациялау және көмір генерациясына тәуелділікті кезең-кезеңімен қысқарту тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Польша профильді министрліктері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Гана тарапының бастамасымен Гана Республикасының Қоршаған орта, ғылым және технологиялар министрі, доктор Зенатор Агьеман-Ролингспен кездесу өтті. Тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Гана тарапы Қазақстанның қалдықтарды басқару, қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу, пластик және химиялық ластануды азайту, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтау салаларындағы тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тәжірибе алмасуды жалғастыруға және ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Гана тарапы аталған бағыттар бойынша ұлттық тәжірибе мен практикалармен танысу үшін Қазақстанға делегация жіберуге дайын екенін білдірді.

Француз тарапының бастамасымен Француз даму агенттігінің (AFD) Климат және табиғат департаментінің директоры Одри Рожковпен кездесу өтті. Негізгі назар қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, климаттық саясат және табиғат қорғау жобаларын қаржыландыруды тарту салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларына аударылды.

Қазақстан тарапы қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу, органикалық қалдықтарды компосттау, сондай-ақ айналымды экономика қағидаттарын енгізу салаларындағы Францияның озық тәжірибесін зерделеуге мүдделі екенін атап өтті.

Инфрақұрылымдық және табиғатты қорғау бастамаларын іске асыру үшін AFD тарапынан жеңілдетілген қаржыландыруды, гранттық қолдауды, техникалық сараптаманы және инвестицияларды тарту мүмкіндіктері жеке қарастырылды. Талқылау қорытындысы бойынша тараптар басым жобаларды айқындауға және оларды практикалық іске асыруға көшуге мүдделілік танытты.

Сондай-ақ Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) Бас атқарушы директоры әрі төрағасы Диего Меса Пуйомен кездесу өтті. Тараптар халықаралық экологиялық және климаттық күн тәртібі аясындағы одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Табиғатты қорғау бастамаларын қаржыландыру, биоалуантүрлілікті сақтау және ЖЭҚ-тың 2026 - 2030 жылдарға арналған тоғызыншы қаржыландыру кезеңі (GEF-9) шеңберіндегі жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша әріптестікті одан әрі нығайту және Қазақстанның экологиялық басымдықтарын іске асыру үшін халықаралық қаржы ресурстарын тартудың маңыздылығы атап өтілді.

COP31 аясында өткізілген кездесулер Қазақстанның халықаралық экологиялық әріптестікті кеңейтуге, ұлттық табиғат қорғау бастамаларын іске асыру үшін озық тәжірибені, технологиялар мен қаржы ресурстарын тартуға мүдделі екенін растады. Диалогтан нақты бірлескен жобалар мен практикалық нәтижелерге көшуге ерекше басымдық берілді.