Халықаралық шарттар: жаңа Конституция жобасына қандай өзгерістер енгізілді

0
131

Халықаралық шарттар 5-бапта көрсетілген.


Халықаралық шарттар: жаңа Конституция жобасына қандай өзгерістер енгізілді

ERNUR.KZ. «Референдум–2026» онлайн-марафоны барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан жаңа Конституция жобасына халықаралық шарттарға қатысты қандай өзгерістер енгізілгенін айтып берді.

«Халықаралық шарттар 5-бапта көрсетілген. Баптың бірінші тармағында халықаралық шарттар қолданыстағы құқықтың бір бөлігі болып табылатыны жазылған. Осы бапта Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қолданылуы заңмен айқындалатыны да көрсетілген. Бұл – жаңашылдық. Қолданыстағы редакцияда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар ұлттық заңнамадан басымдыққа ие екені айтылған. Олардың қолданылуы заңнамамен айқындалады делінген. Біріншіден, «заңнама» деген тым жалпы ұғым болғандықтан, ол алынып тасталды. Себебі, заңнамаға заңдармен қатар өзге де нормативтік актілер, бұйрықтар мен қаулылар кіреді», – деп түсіндірді депутат.

Екіншіден, халықаралық шарттардың басымдығы туралы ереже алып тасталды. Бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелерінен бас тартатынын білдірмейді. Депутаттың айтуынша, бұл норма халықаралық шарттарды қолдану мен олардың әрекет ету тәртібіне қатысты.

«Халықаралық шарттар әртүрлі болады, олардың қолданылуы да әрқалай. Кейбірі имплементацияланады, яғни олардың негізінде ішкі нормативтік актілер әзірленеді. Сонымен қатар тікелей қолданылатын халықаралық шарттар бар. Көбіне олар адам құқықтарына қатысты болады. Мысалы, халықаралық Бала асырап алу туралы конвенция бар. Онда баланы өзге елдің азаматы асырап алған жағдайда, бала туған мемлекеттің оның өміріне бақылау жүргізуге құқығы бар екені көрсетілген. Бұл – тікелей қолданылатын міндетті норма. Оны ұлттық заңнамаға қосымша енгізудің қажеті жоқ», – деді Айгүл Кұспан.

Сондай-ақ спикер Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында қабылданған Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерді – Азаматтық және саяси құқықтар туралы, сондай-ақ Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактілерді атап өтті.

«Біз ратификацияланған халықаралық шарттардан ешқашан бас тартпаймыз. Халықаралық құқықта «Pacta sunt servanda» деген қағида бар. Бұл – іргелі қағида, латын тілінен аударғанда «шарттар сақталуы тиіс» дегенді білдіреді. Әңгіме, ең алдымен, адам құқықтарына қатысты шарттар туралы болып отыр. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасы дәл осы адам құқықтарына негізделгенін атап өткім келеді. Адам құқықтары – болашақ Конституциямыздың мәндік өзегі», – деді депутат.