16 сәуірде сот Семейдегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімін оқушы қызды зорлағаны үшін кінәлі деп тапты.
Фото: Freepik.com
ERNUR.KZ. Семейде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оқушы қызды зорлағаны үшін кінәлі деп танылған еді. Енді 13 жасар қыз мұғалімнің туыстарынан қысым көріп жүргенін айтты, деп жазады stan.kz.
16 сәуірде сот Семейдегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімін оқушы қызды зорлағаны үшін кінәлі деп тапты. Сотталушы кінәсін мойындамай, апелляциялық шағым түсіріпті. “Не молчи” қорының мәлімдеуінше, қызға қазір қысым келіп жатыр.
“Істің мән-жайын толық айта алмаймыз. Бірақ сол қылмыстан 13 жасар қыз пәктігінен айырылған. Қылмыс орнында мұғалімнің телефонының тұрған жері жазылып қалған. Сергек камерасынан да оның орналасқан жері жазылған. Тәркіленген телефондардан да хат-хабар табылды. Мұғалім үйленген, оқушыдан 19 жас үлкен”, – деп жазды Немолчи қоры.
Қор мұғалімнің туыстары қызға аудиожазба жіберіп, қысым көрсетіп жатқанын айтты. Мұғалімнің бауыры “бәрі келісіммен болды” деп айтуға көндіргісі келген. “Не молчи” аудиохабарламаны бөлісті.
“Мүмкін анаңа “оны аяп, ойыңнан айныдым” деп айтарсың?! Толық ақтамай, жазасын жеңілдетуге болар еді. Өмір бойына жазаға тартылды. “Жаңалықтардан көріп, аяп кеттім, негізі бәрі келісіммен болды, мен сол кезде өтірік айттым” десеңші. Анаңды көндіріп, зорлық болмағанын айт. Заңгерлер “үкім өзгеріссіз қалады, ештеңе өзгерте алмайды, тек қыздың сөзі өзгерте алады” деп жатыр. Көмектесші, өтініш. Қандай да бір қалауың бар шығар, бәрін орындаймын. Керек десең, пәтер алып берейік, қаржылай көмек, тағысын тағы… бар үмітім сенде”, – делінген аудиожазбада.
Еске салсақ, бұған дейін оқушы қызды зорлаған мұғалім өмір бойына бас бостандығынан айырылғаны айтылды.