Кедендік тексерулерден кейін бюджетке 19,6 млрд теңге түсті

0
126

Кедендік тексерулердің 84%-ында түрлі заңбұзушылықтар анықталды.


Кедендік тексерулерден кейін бюджетке 19,6 млрд теңге түсті

Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

ERNUR.KZ. Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жүргізілген 948 кедендік тексеру нәтижесінде 29,6 млрд теңге қосымша есептеліп, оның 19,6 млрд теңгесі өндіріп алынды. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскен, деп жазады inform.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, былтырғы кезеңмен салыстырғанда қосымша есептелген сомалар 195%-ға, ал өндіріп алынған қаражат 247%-ға артқан. Кедендік тексерулердің 84%-ында түрлі заңбұзушылықтар анықталды.

Олардың арасында кедендік құнды дұрыс айқындамау (40%), тауарларды сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша қате сыныптау (20%), пайдаланылуы немесе оған билік етуі шектелген тауарларды мақсатсыз пайдалану (17%) және кедендік рәсімдер талаптарын бұзу (5%) бар.

Анықталған заңбұзушылықтардың басым бөлігі цифрлық майнингпен айналысатын сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тиесілі — 19%. Көтерме сауда саласында бұл көрсеткіш 16,2%, көтерме-бөлшек саудада 13,5%, энергетикалық сусындар өндірісінде 4% болған.

Тексеру нәтижесінде кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар қосымша есептеліп, декларацияларға түзетулер енгізіледі. Сондай-ақ заңбұзушыларды жауапқа тарту шаралары қабылданады.

Қазір Қытайдан «жалпақ металл прокаты» өнімдерін импорттайтын бірқатар компанияға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Олар демпингке қарсы бажды төлеу міндетін тиісінше орындамауы мүмкін деген тәуекел тобына енгізілген.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кірестер комитеті қандай маркетплейстерге жаңа кедендік талап қойылмайтынын түсіндірген еді.