Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның орта дәрежеде мас болғаны анықталды.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматы қаласында ішімдікке сылқия тойған шетел азаматы рульге отырып, полициядан қашқан. Тәртіп сақшылары талабына бағынбаған соң жолын бөгеп, тоқтатуға мәжбүр болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойында болды.
«Алмалы аудандық полиция басқармасының «Буран-230» патрульдік экипажы Райымбек даңғылымен батыс бағытта келе жатқан Қытайдың мемлекеттік нөмірі тағылған автокөлікті байқаған. Жүргізуші полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, қашып кетпек болған. Полицейлер көлікті қуа жөнеліп, ақыры жолын бөгеп тоқтатты», – делінген ПД хабарламасында.
Көлік рулінде Қытай азаматы отырған. Жүргізушінің сұраққа дұрыс жауап бере алмай тұрғанынан полицейлер күдіктеніп, медициналық куәландыруға апарды. Тексеру нәтижесінде ер адамның орта дәрежеде мас болғаны анықталды.
«Жүргізуші көлік жүргізуден шеттетілді. Мас күйде көлік жүргізу ісі бойынша жиналған материалдар сотқа жолданды», – деп жазады Алматы қаласының Полиция департаменті.


