Қазақстанға келетін шетелдік турист санын 2029 жылға қарай шамамен 1,7 млн адамға дейін жеткізу жоспарда бар.
ERNUR.KZ. Осы бағытта үш негізгі туристік дестинацияны дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде: Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау туристік аймағы. Мәселен, Алматы тау кластерін дамыту үшін 30 аспалы жол және ұзындығы 161 шақырым сырғанауға арналған жолдар пайда болады. Нәтижесінде мұндағы туристік ағымды 5 млн адамға дейін арттыру көзделген. ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Оның айтуынша, қазір Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы Щучье және Бурабай көлдерінің жүктемесі артыпк еле жатыр. Сондықтан Қотыркөл, кіші және үлкен Шабақты, Жөкей көлдерінде инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.
«Өткен жылы бірқатар шара атқарылды. Оның ішінде «Променад» аймағында веложол салынды, 8 жаңа байқау алаңы, 4 автотұрақ ашылды, Щучье көлдегі қоғамдық жағажай абаттандырылды; қосымша дәретханалар орнатылды, экскурсиялық тікұшақ туры іске қосылды. Маңғыстау туристік аймағы туралы айтатын болсақ, мұнда «Жылы жағажай» дестинациясы бар. Оны одан әрі дамытамыз. Одан бөлек, жаңа «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту жоспада бар. Ол жақта жаңа әуежай салынып жатыр. 2025 жылы өңірге жалпы сомасы 5 млрд теңгеге жуық инвестициялық жобалар асырылды», – деді спикер.
Салаға инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ресми статистикаға сәйкес 2025 жылы туризм саласына инвестициялар көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1 трлн 256 млрд теңгеге жетті. Негізгі өсім құрлық көлігі секторында байқалады. Бұл теміржол вагондарын сатып алу, автобус паркін жаңартумен байланысты. Келесі сегмент –тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету саласы. Ол 41%-ға өскен, бұл қонақ үй-мейрамхана кешендерін салумен байланысты. Сондай-ақ өнер, ойын-сауық және демалыс саласында 31%-ға өсім бар, бұл мәдениет және спорт саласындағы жобаларды, ойын-сауық нысандарын іске асырумен байланысты.
Биыл аталған көрсеткіштерді 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Ол үшін Министрлік инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды, онда 328 инвестициялық жоба бар. Олардың ішінде «Ой-Қарағай» тау курорты, Hilton және Mandarin Oriental қонақ үй кешендері, жол бойындағы сервис объектілері бар. Аталған жобаларды іске асыру туристік салада 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
2025 жылы шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстанның туристік саласына қызығушылықтың тұрақты өсуі байқалады. Мәселен, Бакудегі Sea Breeze Resort жобасының негізін қалаушы және жетекшісі Эмин Агаларовпен ынтымақтастық орнатылды. Былтыр Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында ауқымды курорттық аймақ құру жөнінде келіссөздер басталды. Мастер жоспар дайындау бойынша жұмыстар жүргізілді.
Қытайлық инвесторлардың Қазақстанның туристік секторына деген жоғары қызығушылығын атап өткен жөн. Hilton және Mandarin Oriental қонақ үй кешендері, Қонаев қаласындағы «Жібек Жолы» ойын-сауық кешені қытай инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылады.


