Қазақстанға көлік әкелу талаптары қатаңдатылуы мүмкін

0
91

​Қазақстанда шетелден автокөлік әкелу тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр.


Қазақстанға көлік әкелу талаптары қатаңдатылуы мүмкін

фото: Gov.kz

ERNUR.KZ. Жаңа шектеулер рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерге қатысты болады, деп жазады ulysmedia.kz.

Тиісті түзетулерді Сауда және интеграция министрлігі әзірледі. Негізгі өзгерістердің бірі – Қазақстанға әкелінбес бұрын оң рульді көліктердің рөлін сол жаққа ауыстыруға қатысты.

Ережеге мынадай талап енгізу ұсынылып отыр: мұндай көліктерге көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік берілмейді, яғни рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған автокөліктерге тыйым салынбақ.

Kolesa.kz жазуынша, 2023 жылы көліктерді заңдастыру басталғалы бері Қазақстанға мұндай машиналарды жаппай әкелу байқалмаған. Болжам бойынша, бұл схема қайта пайда болмас үшін тыйымды алдын ала заң жүзінде бекіту көзделіп отыр.

SOS түймесін тексеру видеоға түсіріледі

Төтенше шақыру түймесін тексеру тәртібі де өзгереді.

Көлікті өз бетінше шетелден әкелетін азаматтар бірнеше жылдан бері арнайы құрылғылардың кейде қорапта орнатылмаған күйде берілетініне, ал тексеру кезінде олардың төтенше қызметтерге қоңырау шала алмайтынына шағымданып келеді.

Енді зертханалардан бұл құрылғыны тексеру барысын видеоға түсіру талап етілуі мүмкін. Бейнежазбада көліктің сәйкестендіру нөмірі көрініп тұруға тиіс. Зертхана тексеру жазбасын кемінде үш жыл сақтауға міндеттеледі.

Сауда және интеграция министрлігінің пікірінше, бұл шара көлікті іс жүзінде тексермей-ақ сертификат беруге жол бермеуге көмектеседі.

Ережелерді қатаңдату автокөліктердің «сұр» импортын шектеу шаралары аясында қолға алынып отыр. Маусым айында Премьер-министр көліктерді заңсыз немесе бақылаусыз әкелуді қиындататын шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Олар 1 қыркүйектен бастап күшіне енуге тиіс.