Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда “Дипломмен – ауылға” бағдарламасының аясында 1%-дық ипотекаға өтінім қабылдау басталды, деп жазады Stan.kz.
Бұл туралы “Отбасы банк” әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Банктің мәліметінше, мұндай ипотекаға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешені (АӨК), мәдениет, спорт салаларының, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері аппараттарындағы мемлекеттік қызметкерлер (әкімдер мен олардың орынбасарларынан басқа) қатыса алады.
Бағдарлама не береді:
- көтерме жәрдемақы – бір реттік төлем: 100 АЕК;
- тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін жылдық 1% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие (ЖТСМ – 1%);
- максималды несие сомасы – 2 500 АЕК-ке дейін (елді мекен түріне байланысты);
- несие мерзімі – 15 жылға дейін.
Өтінім беру онлайн түрде Baspana Market платформасы арқылы жүзеге асады. Қатысу үшін жеке кабинетке кіріп, өтінім толтыру және нәтижелерді күту қажет.
Қатысу шарттары:
- техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломның болуы;
- несие алған мамандар кемінде 3 жыл бойы өз мамандығы бойынша ауылдық жерде жұмыс істеуге міндетті;
- бұрын алынған несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы.


