Қазақстандықтар дрондарын сақтандыруға міндеттелуі мүмкін: Ұшқышсыз аппараттарды пайдалану қағидалары өзгертілмек

0
83

Қазақстанда 2026–2029 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.


Қазақстандықтар дрондарын сақтандыруға міндеттелуі мүмкін: Ұшқышсыз аппараттарды пайдалану қағидалары өзгертілмек

Фото: Pexels

ERNUR.KZ. Құжат аясында елде дрон өндірісін дамыту, оларды экономиканың түрлі салаларына енгізу және кемінде 1000 білікті маман даярлау жоспарланып отыр, деп жазады stan.kz.

Жоспарды іске асыруға 18 мемлекеттік орган, әкімдіктер, даму институттары мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қатысады. Ал жұмысты үйлестіру міндеті Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүктелген. Бұл туралы ақпаратты министрліктің өзі ресми сайтында мәлімдеді.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне нарықтың бытыраңқы сегменттерін біріктіріп, елдегі ұшқышсыз жүйелер индустриясының дамуына жүйелі серпін беруді тапсырған. 2029 жылға дейінгі жоспарға сәйкес, Қазақстанда ұшқышсыз жүйелер саласындағы реттеудің бытыраңқылығын жою, әкімшілік кедергілерді азайту және инновацияларды дамыту мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету көзделген.

Атап айтқанда, мынадай шаралар жоспарланып отыр:

  • Ұшқышсыз авиациялық жүйелердің (ҰАЖ) бірыңғай цифрлық платформасын және дрондардың әуе қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесін (UTM) енгізу;
  • Ұшқышсыз жүйелер өндірісін жергіліктендіру, соның ішінде маңызды аппараттық бөлшектерді шығару және қорғалған отандық бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу;
  • Жаңа буынның кемінде 1000 білікті маманын, оның ішінде операторларды, инженер-конструкторларды, ендірілген бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллект әзірлеушілерін, киберқауіпсіздік және техникалық қызмет көрсету мамандарын даярлау;
  • Жоғары оқу орындары мен халықаралық технологиялық компаниялармен бірлесіп, кемінде екі заманауи ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталық (R&D) пен бейінді зертханалар құру;
  • Экономиканың түрлі салаларында автономды жүйелерді қолданудың үлгілік сценарийлерін әзірлеп, енгізу.
“Ұшу қарқындылығының артуы қоғамдық тәртіпті қорғаудың тиімді тетіктерін уақтылы енгізуді талап етеді. Осыған байланысты нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау аясында ұшқышсыз жүйелерді пайдалану мен олардың айналымына қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларының бір бөлігін Ішкі істер министрлігінің құзыретіне беру көзделген. Сонымен қатар дрон иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу, байланыс арналарының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптарды реттеу және операторларға мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы сертификат беру мәселелері пысықталып жатыр", — деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ дрондарды экономиканың нақты секторына енгізу жұмыстары жүргізіледі. Министрлік бұл технологияларды ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен металлургия кешені, логистика, коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайларды бақылау және экология салаларындағы өндірістік процестерде қолдану мүмкіндіктерін талдауды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, вертипорттар, дрон-порттар мен автоматтандырылған зарядтау станциялары желісін дамыту, сондай-ақ осы салаға қажетті радиожиілік ресурстары мен спутниктік байланыс арналарын бекіту мәселелері қарастырылып жатыр. Экспорттық әлеуеті бар дайын жобалары мен технологиялық әзірлемелері бар отандық кәсіпкерлерді, әзірлеушілерді, инженерлер мен өнертапқыштарды белсенділік танытуға, өз жобаларын ұсынуға және мемлекеттік қолдау алу мәселелері бойынша министрлікке жүгінуге шақырамыз.

“Сонымен қатар бизнес өкілдерін, салалық қауымдастықтар мен азаматтық қоғам институттарын бекітілген кешенді жоспарды іс жүзінде жүзеге асыру бойынша сындарлы ұсыныстар жолдауға шақырамыз. Министрлік озық ұшқышсыз жүйелерді енгізу бүкіл ел үшін елеулі технологиялық және экономикалық нәтиже беруі мақсатында барлық мүдделі тараптармен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуге дайын", — деп мәлімдеді министрлік.

Еске сала кетейік, "Әділет" партиясы фракциясының депутаттары Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады. Олар "Яндекс" сервистеріндегі ақаудан кейін азаматтардың дербес деректерінің қорғалуына қатысты тексеру жүргізуді ұсынды.