Қазақстан FIRST Global Challenge дүниежүзілік робототехника чемпионатында төрт жыл қатарынан абсолютті әлем чемпионы атанған тарихтағы алғашқы әрі әзірге жалғыз мемлекет.
ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде жекелеген халықаралық олимпиадалардың қорытындыларына тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан құрамасы Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында әлемнің ең мықты командаларын басып озып, тарихта алғаш рет жалпыкомандалық есепте абсолютті чемпион атанды және бес алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, ұлттық құрама Қытай, Үндістан, Корея Республикасы және Ресей сияқты олимпиадалық қозғалыстың әлемдік көшбасшыларының қатарынан бой көрсетті.
Сонымен қатар жақында ғана Литвада өткен 37-ші Халықаралық биология олимпиадасында Қазақстанның құрамасы 30 жыл бұрынғы үздік нәтижесін қайталап, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алып, рекордын жаңалады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы математикадан бірнеше олимпиадалардан қатарынан үздік көрсеткішке қол жеткізді.
«Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен 67- ші Халықаралық математика олимпиадасында 117 елдің ең үздік 700-ге жуық жас математиктері арасынан 3 күміс және 3 қола медальмен 22-орында тұрақтаса, Вильнюс қаласында өткен Еуропалық математикалық олимпиадасында Қазақстан құрамасы командалық есепте абсолютті жеңімпаз атанды. Және Грекияның Салоники қаласы мен Румынияның Бузэу қалаларында өткен Балқан жасөспірімдер математикалық олимпиадаларында қазақстандық оқушылар 5-ші және 6-шы орындарды иеленді. Осылайша, математиктеріміз төртінші жыл қатарынан үздік командалар қатарынан көрініп келеді», – деді вице-министр.
Бұған қоса, Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропалық география олимпиадасында ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, екі алтын, бес күміс және екі қола медаль жеңіп алды.
Ташкентте өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын және 3 күміс медаль иеленді. Әлемнің 90-нан астам елінен қатысқан дарынды оқушылар арасында қазақстандық команда жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қытай Халық Республикасының Сучжоу қаласында әлемнің 61 елінен 300-ге жуық дарынды оқушы қатысқан экономикадан халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Қазақстандық оқушылар ғылыми-зерттеу бағытында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, АҚШ-тың Финикс қаласында өткен дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесіне қатысқан жеті қазақстандық оқушының бірі жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған жобасы үшін арнайы марапатқа және шетелдік университеттің білім грантына ие болды.
Сонымен қатар тағы екі қатысушы жасанды интеллект саласындағы беделді халықаралық қауымдастықтың арнайы марапаттарына ие болды.
Ал АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен халықаралық робототехника чемпионатында қазақстандық оқушылар 12 жүлде жеңіп алды.
Сондай-ақ Қазақстан FIRST Global Challenge дүниежүзілік робототехника чемпионатында төрт жыл қатарынан абсолютті әлем чемпионы атанған тарихтағы алғашқы әрі әзірге жалғыз мемлекет.


