Қазақстандағы жол бойындағы сервистің заманауи инфрақұрылым нысандарының желісі кеңеюде

0
108

Жобаны іске асыру жол бойындағы сервистің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ көлік және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.


Қазақстандағы жол бойындағы сервистің заманауи инфрақұрылым нысандарының желісі кеңеюде

ERNUR.KZ. ҚР Көлік министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «PetroRetail» ЖШС-нің еліміз аумағында заманауи жол бойындағы сервис нысандарының желісін дамытуға бағытталған инвестициялық жобасын іске асыруға қолдау көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Инвестициялық жоба аясында 2029 жылдың соңына дейін жол бойында 60 заманауи сервис нысанын салу жоспарлануда. Олардың құрамына автожанармай құю және электр қуатымен зарядтау станциялары, қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер, TIR тұрақтары және қонақүйлер кіреді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Жобаны іске асыру жол бойындағы сервистің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ көлік және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Жобаны кеңейту аясында іскерлік белсенділігі жоғары орталықтарда, қалаларда және туристік маңызы бар локацияларда қонақүйлер салу көзделген. Бұл негізгі автомобиль бағыттарының бойында және перспективті туристік маршруттарда неғұрлым кешенді инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда 6 қонақүй нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба аясындағы алғашқы қонақүйлер 2025 жылғы 17 қыркүйекте Жамбыл облысының Меркі ауданында және 2025 жылғы 25 қарашада Қызылорда облысының Арал қаласында пайдалануға берілді. Жоба аясында соңғы пайдалануға берілген нысан – Қарағанды облысының Қарқаралы қаласындағы қонақүй. Ол 2026 жылғы 15 маусымда жұмысын бастады.

Осылайша, жол бойындағы сервис желісін дамыту дәстүрлі автожанармай құю кешендерімен ғана шектелмей, жол қозғалысына қатысушыларға арналған толыққанды инфрақұрылымды қалыптастыруға бағыт алуда. Қонақүйлердің, тамақтану орындарының, дүкендердің, тұрақтар мен электр зарядтау станцияларының салынуы қауіпсіз әрі жайлы сапарға қажетті жағдай жасауға, сондай-ақ өңірлердегі іскерлік және туристік белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары жалғасуда. 2029 жылдың соңына дейін қалған нысандарды көлік қозғалысына деген сұранысты, туристік әлеуетті және тиісті аумақтардың әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып, кезең-кезеңімен салу жоспарлануда.