Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті кім салатыны белгілі болды

0
207

Ашық және бәсекеге қабілетті диалог аясында реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды.


Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті кім салатыны белгілі болды

ERNUR.KZ. Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы анықталды, деп жазады baq.kz.

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен еліміздегі алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысын аяқтады.

Ашық және бәсекеге қабілетті диалог аясында реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде әлеуетті жеткізушілердің «қысқа тізіміне» келесі компаниялар енді: «Росатом» (Ресей), «China National Nuclear Corporation» (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея).

Тізімге енген компаниялар Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынды. Бұл материалдарда келесі мәліметтер қамтылды:

  • құрылыстың болжамды құны;
  • жобаны іске асыру мерзімдері;
  • қаржыландыру тарту модельдері;
  • жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергіліктендіру тәсілдері;
  • кадр даярлау мен ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту бойынша ұсыныстар;
  • ядролық отын цикліндегі ықпалдастық мүмкіндіктері;
  • әлеуметтік міндеттемелер мәселелері.

Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инженерлік компаниясы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен басқа да ұсыныстарға кешенді бағалау жүргізілді. Бағалау АЭС қауіпсіздігі, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, кадрлар даярлығы, жергіліктендіру деңгейі және өзге де көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылды.

Осы талдаудың нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды және Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынға қытайлық «China National Nuclear Corporation» жайғасса, француздық «Électricité de France» пен кореялық «Korea Hydro & Nuclear Power» ұсыныстары үшінші орынды иеленді.