Қазақстанда жатыр мойны обырынан қорғау шаралары күшейтілуде: 370 мың қыз бала АПВ-ға қарсы екпе алды

0
104

Соңғы 35 жылда иммундаудың арқасында Қазақстанда эпидемиялық паротит, А және В вирустық гепатиттері, сондай-ақ қызамық аурушаңдығы айтарлықтай төмендеді.


Қазақстанда жатыр мойны обырынан қорғау шаралары күшейтілуде: 370 мың қыз бала АПВ-ға қарсы екпе алды

ERNUR.KZ. Қазір сіреспе ауруының тек жекелеген жағдайлары ғана тіркеледі. Бұл ретте елімізде 30 жыл бойы полиомиелиттің бірде-бір жағдайы, ал 2009 жылдан бері дифтерия жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК Иммундық алдын алу орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева мәлімдеді.

Сонымен қатар спикер Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейін екінші орында тұрғанын және фертильді жастағы әйелдер өлімінің жиілігі бойынша екінші себеп екенін айтты. Сондықтан АПВ-ға (адам папилломавирусы) қарсы вакцинаны енгізу – болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтаудағы маңызды қадам. Бүгінгі таңда 11-13 жас аралығындағы қыздар арасында 370 мыңға жуық екпе жасалды.

«Жалпы, иммундау бағдарламасы балаларды, жасөспірімдер мен ересектерді 21 инфекцияға қарсы вакцинациялауды қамтиды. Тиімді әрі қауіпсіз вакциналарды сатып алу және жеткізу қамтамасыз етілген. Бұл ретте балаларды вакцинациялау үшін сапасы ДДСҰ сертификатымен кепілдендірілген вакциналар қолданылады», – деп хабарлады Нұршай Әзімбаева.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда әлемнің көптеген елдеріндегідей Қазақстанда да қызылша мен көкжөтел бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалуда. Бұл ретте қызылшамен ауырғандардың 75%-дан астамы және көкжөтелге шалдыққандардың 89%-дан астамы – екпе алмаған балалар.