Елімізде 1 маусымнан бастап шомылу кезеңі басталады.
ERNUR.KZ. Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, кешенді дайындық және алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Тиісті бұйрыққа ТЖ министрі қол қойып, нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов ОКҚ брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі республика деңгейінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында қаралды.
«Талдау көрсеткендей, судағы өлімнің негізгі себептерінің бірі – халықтың, әсіресе, балалардың судағы қауіпті түсінбеуі. Біз жыл он екі ай алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Жыл басынан бері теледидарда 1081 сюжет, радиода 2273 сөз сөйлеу, газеттер мен әлеуметтік желілерде 1369 мақала жарияланды, 7462 пост, мессенджерлер және басқа да әлеуметтік желілер арқылы 343 тікелей эфир жүзеге асырылды. Өткізілген іс-шаралармен 3 млн-ға жуық адам, оның ішінде 650 мыңға жуық бала қамтылды. Сонымен бірге жыл басынан бері жүзуде 11 562 бала оқытылды, бұл жұмыс жалғасуда», – деді спикер.
Профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізу барысында 191 мыңға жуық көрнекі оқыту өнімдері таратылды, су айдындарында 181 қауіпсіздік белгісі орнатылды. Әкімдіктер қауіпсіз балалар жағажайларын дайындауда, онда құтқарушылар балаларды шомылу кезеңінде жүзуге үйретеді. Аталған халықты ағарту өнімдері мен құралдары Министрліктің және өңірлік департаменттердің ресми сайттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде орналастырылған.
ТЖ министрлігі, ІІМ және Көлік министрлігі бірлесіп, су айдындарында адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында азаматтардың судағы қауіпсіздік қағидаттарының талаптарын бұзудың жолын кесу бағытында 20 мыңнан астам рейдтер мен патрульдер жүргізілді. Анықталған 761 заң бұзушы «Ортақ су пайдалану қағидаттарын бұзғаны», «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаттарын бұзу немесе орындамағаны» үшін жауапкершілікке тартылды.
Жыл бойы су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖ министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің күштерімен 70 жылжымалы маусымдық құтқару бекеті жұмыс істейді. Сонымен қатар биыл әкімдіктер мен жағалаудағы демалыс орындарының иелері Министрліктің жедел-құтқару жасақтарында 100-ден астам қоғамдық құтқарушыны дайындықтан өткізді.