Соңғы жылдары Қазақстанда білім мен ғылымға салынатын инвестиция көлемі бес есеге, ал білім беру жүйесінің бюджеті үш есеге артты.
ERNUR.KZ. Студенттердің шәкіртақы мөлшері екі есеге ұлғайып, білім беру гранттарының саны бір жарым есеге өсті. Сонымен қатар студенттер жатақханаларының инфрақұрылымы да жүйелі түрде дамып келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 250-ден астам студенттер жатақханасының салынуы нәтижесінде орын тапшылығы алты есеге қысқарды. Бүгінде студенттердің 85%-ы жатақханамен қамтылған. Сонымен қатар алдағы уақытта қазіргі орын тапшылығын толық жою жоспарланып отыр.
Евгений Кочетов жастардың білімге деген жаңа сұранысын қалыптастырып жатқанын атап өтті.
«Жастардың 62,9%-ы білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын оқытуды маңызды деп санайды. Мемлекет осы сұранысқа ілесе білуі керек», – деді вице-министр.
Қазақстанда цифрлық білім беру бағдарламалары дамып, Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен жасанды интеллект саласындағы зерттеу университеті құрылуда. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасында басымдық біртіндеп инженерлік, IT, медициналық және жаратылыстану-ғылыми мамандықтарға ауыстырылуда.
Вице-министр сондай-ақ Қазақстандағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,1%-ды құрағанын хабарлады.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,4 миллионға жуық жас қамтылған.
«Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», өңірлік кәсіби бағдарлау және жұмысқа орналастыру жобалары жүзеге асырылуда. Жыл сайын жастар еңбек жасақтарына 35 мыңнан астам адам қатысады. Оның ішінде «Жасыл ел» бағдарламасы жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, командалық жұмыс пен жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Бүгінде 235 жастар ресурстық орталығы білім алу, жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселелері бойынша, сондай-ақ психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді. NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жүргізу үшін «Отбасының цифрлық картасының» деректері де пайдаланылады.
«Бұл жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз – NEET санатындағы жастардың үлесі біртіндеп төмендеп келеді», – деді ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі.
«Отбасының цифрлық картасының» деректеріне сәйкес, 2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша NEET санатындағы жастардың саны 6,7%-ға төмендеген.
Спикер тұрғын үй мәселесіне де тоқталды. Е.Кочетовтің айтуынша, «Наурыз» және «Отау» бағдарламаларына көптеген жас азамат қатысуда. Жұмысшы мамандық иелері үшін «Наурыз жұмыскер» құралы іске қосылды. 17 өңірде жас мамандарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жұмыс істейді.


