ҚР Энергетика министрлігі мұнай өнімдері айналымының толық цифрлық кескінін құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
ERNUR.KZ. Бұл процестің негізгі элементі – мұнай базаларын бақылау-есепке алу аспаптарымен жабдықтау. Бүгінгі таңда Oil Track жүйесінде 325 мұнай базасы тіркелген, оның 146-сы операторға – «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-на нақты уақыт режимінде деректерді беріп отыр. Бұл ретте барлық мұнай өңдеу зауыты, соның ішінде шағын МӨЗ-дер бақылау-есепке алу аспаптарымен толық жабдықталған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, мұнай базаларын есепке алу құралдарымен толық жабдықтау мұнай өнімдерінің жеткізілуін толығымен ашық етуге және жанар-жағармайдың есепке алынбаған көлемдерін болдырмауға мүмкіндік береді. Мұнай базаларын қосу және олардың жабдықталуы туралы деректерді жаңарту күн сайын бақыланады.
Энергетика министрлігі 2025 жылдан бастап Мұнай, газ конденсаты, шикі газ және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газ) есепке алудың ақпараттық жүйесі аясында шикі және тауарлық газды есепке алуды автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Спикердің ақпараты бойынша, жүйеге мұнай мен газды өндіру және олардың айналымы саласында қызметін жүзеге асыратын 86 мұнай-газ өндіруші ұйымның 12-сі қосылған. Осылайша, ағымдағы кезеңде ілеспе және табиғи газ өндірудің Қазақстан бойынша жалпы көлемінің 58%-дан астамы цифрландырылды.
Бақытжан Ілияс мұнайды ай сайын бөлудің цифрлық сервисі туралы да айтып берді.
«2025 жылы мұнайды ай сайын бөлудің цифрлық сервисі пайдалануға берілді. Сервис бекітілген қағидаларға сәйкес мұнай өндіруші ұйымдар, мұнай өңдеу зауыттары және көлік компаниялары арасында мұнайды бөлу процесін автоматтандыруға және толық цифрландыруға бағытталған. Жүйені енгізу нәтижесінде мұнайды бөлу кестелерін дайындау және бекіту уақыты айтарлықтай – орта есеппен 80%-ға қысқарды. Бүгінгі таңда жүйеге 95 компания қосылған, 2,5 мыңнан астам өтінім өңделді, бұл қол еңбегін болдырмауға, рәсімдердің ашықтығын арттыруға және нақты уақыт режимінде деректердің шынайылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деп хабарлады ведомствоның вице-министрі.
Сондай-ақ 2024 жылы ҚР Энергетика министрлігі тауар биржаларынан тыс Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын (СМГ) жеткізу жоспарын қалыптастыру және бекітудің цифрлық сервисін іске асырды. Аталған сервис Энергетика министрлігінің салалық цифрлық құралы болып табылады және жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы міндеттемелердің орындалуын бақылауды және процестердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, жергілікті атқарушы органдарға дейін СМГ жеткізу көлемдерін келісу рәсімін автоматтандыруға бағытталған. Осы процесті цифрландыру нәтижесінде жүйеге 84 компания қосылды. Бүгінгі таңда, спикер атап өткендей, жобаны кеңейту 19 өңірде жүргізілуде. Ал жыл соңына дейін сервис бүкіл ел бойынша енгізілетін болады.


