Елімізде мүгедектікті белгілеу тәсілдерін түбегейлі трансформациялау жүзеге асырылып жатыр.
ERNUR.KZ. Осы реформаның басты бағыты – медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай және проактивті форматта енгізу. Оның мақсаты – азаматтардың мүгедектік мәртебесін алу рәсімін барынша жеңілдету: оны қолжетімді, ыңғайлы, жедел әрі ең бастысы – объективті және әділ ету. Енді сырттай проактивті куәландыру жүргізілетін аурудың тізбесі бойынша азаматтың медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне бару талап етілмейді. Ол тек емханаға дәрігерге ғана жолығады. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ брифингінде хабарлады.
Сырттай проактивті медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу механизмі адамның жеке қатысуынсыз, құжаттарды электронды форматта медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы алуды, бюрократиялық кедергілерді болдырмауды көздейді.
Оның айтуынша, сырттай проактивті форматты енгізу тек цифрландыру мен рәсімдерді жеңілдету мақсатында ғана емес, медициналық-әлеуметтік сараптама саласында жинақталған жүйелі мәселелерді шешу үшін қолға алынып отыр.
«Оның ішінде мүгедектігі бар адамның маршрутын қысқарту, адамдардың әртүрлі инстанцияларға барып-жүруін болдырмау, қағазбастылықты жою, мемлекеттік қызметті алушы мен мемлекеттік қызметші арасында байланысты болдырмау болып танылады. Сырттай проактивті формат экстерриториялық сарапшылардың арасындағы жүктемені бөлуге мүмкіндік береді және барлық азаматқа тұрғылықты жеріне қарамастан қызметке тең әрі ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деді спикер.
Бұл реформа халықтың МӘС қызметіне және жалпы әлеуметтік қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ мүгедектікті белгілеудің шын мәнінде клиентке бағдарланған үлгісін қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетерлігі, 2024 жылға арналған «Аманат» партиясының Жол картасын іске асыру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында нақты міндет қойылды: мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметтердің кемінде 35%-ын сырттай проактивті форматта жүргізуді қамтамасыз ету. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 37,4%-ды құрады, яғни белгіленген межеден асып түсті. Ал, өткен жарты жылда сырттай проактивті форматтағы сараптамалардың үлесі 39,3%-ға жетті.
Сонымен қатар қазір ведомствоаралық үйлестіруді күшейту, өңірлерге әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету, мамандарды оқытып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп жатыр.