Министрлік мұның бірнеше себебін атады.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қазір Қазақстандағы 45 мемлекеттік қариялар үйінде 6 694 зейнеткер тұрады, олардың жартысынан көбі – ер адамдар. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың жауабында айтылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның айтуынша, қазір еліміздегі стационар типтегі 45 мемлекеттік әлеуметтік қызмет көрсету орталығында барлығы 6 694 зейнеткер тұрады. Қарттар үйін жағалаған қариялардың 40 пайызы – әйелдер, 60 пайызы – ер адамдар.
Еңбек министрлігі қарттар үйінде ер адамдардың көбейгенін бірнеше фактормен байланыстырып отыр.
«Ер адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуына, егде жастағы халықтың әлеуметтік-демографиялық сипатының өзгеруіне, сондай-ақ зейнет жасындағы ер адамдар арасында әлеуметтік оқшауланудың күшеюіне байланысты стационарлық мекемелерге әлеуметтік қызмет үшін жүгінетін ерлердің саны өскені байқалады. Кей жағдайларда бұл оларға лайықты күтім жасайтын жақын туыстарының болмауымен де байланысты», - делінген жауапта.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ деректеріне сүйенсек, биыл арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда (стационар, жартылай стационар, үйде және уақытша тұру) барлығы 33 989 зейнеткер тұрған. Соның ішінде ерлер – 7 415 (21,82%), әйелдер – 26 574 (78,18%).
Министрлік өз құзыреті аясында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту және қарттардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау жұмыстарын жалғастырады, деп атап өтті вице-министр.