Оның артықшылығы мен кемшілігін талдау керек, дейді министрлік өкілдері
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда ит асырайтын адамдарға салық салу мәселесі әзірге қарастырылып отырған жоқ. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп жазады аzattyq-ruhy.kz.
Талқылауға себеп болған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулер аясындағы пікірталастар болды. Осы аясында кейбір бастамалар үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін күшейтуді, соның ішінде фискалдық шаралар арқылы да қарастыруды ұсынған.
Алайда Қаржы министрлігінің өкілінің айтуынша, мұндай тәсілді іске асыру бірқатар қиындықтар туындатады.
«Мысалы, егер мұндай салық енсе, онда барлық иттерді есепке алу қажет болады, яғни белгілі бір уақыт аралығында түгендеу жүргізу керек. Ең бастысы – біз мұны не үшін жасап отырмыз деген сұрақ. Қаржылық базаны ұлғайту үшін бе? Бізде үй жануарлары арқылы салық базасын кеңейту деген мақсат жоқ», – деді Біржанов үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мұндай бастаманың тиімділігі мен салдары да жан-жақты қарастырылуы тиіс.
«Егер мотивация тұрғысынан айтсақ, үй жануарлары санын көбейтуге ынталандыру үшін бе, әлде керісінше ме – бұл жерде ол демотивациялық норма болуы мүмкін. Сондықтан оның барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін талдау қажет. Қазіргі уақытта мұндай бастаманы қолдау немесе енгізу мәселесі күн тәртібінде жоқ», – деп түйіндеді вице-министр.


