Оның ішінде 24 бала бар.
фото: Pixabay / Jamir Tamboli
ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 маусымнан бері су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батып қаза тапты, деп жазады sputnik.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, суға шомылу маусымы басталғалы 68 адам қаза тапқан, оның 24-і бала. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам, оның ішінде 23 бала құтқарылды.
Прокурорлар ішкі істер және төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, су айдындарындағы жаппай демалыс орындарында рейдтер өткізіп жатыр.
"Азаматтарға жабдықталмаған жерлерде шомылу қауіпті екені көптеп ескертіліп жатыр. Мұндай орындарда құтқару бекеттері жоқ, су түбі тексерілмеген. Сондықтан төтенше жағдай туындаған кезде дер кезінде көмек көрсету мүмкін болмай қалуы ықтимал", - дейді прокурорлар.
Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындап немесе қызмет көрсеткендер адамның денсаулығына зиян келген жағдайда 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді, болмаса бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Ал баланың қауіпсіздігіне салғырт қараған ата-аналар әкімшілік жауапқа тартылады. Олар 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан бастап 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.


