​Қазақстанда бастапқы жарнасыз ипотека іске қосылды

0
133

Биыл бұл бағдарлама алғашқы болып өтінім берген 200 қазақстандыққа жаңа баспана сыйлады.


​Қазақстанда бастапқы жарнасыз ипотека іске қосылды

фото: tengrinews.kz

ERNUR.KZ. «Отбасы банк» «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында несиелер беруді бастады. Несие мөлшерлемесі – 1%. Бастапқы жарна – 0%. Биыл бұл бағдарлама алғашқы болып өтінім берген 200 қазақстандыққа жаңа баспана сыйлады.

Бағдарламаға ауылдар мен аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген тұрғындар қатыса алады. Несие қаражатын үй сатып алуға немесе салуға пайдалануға болады. 2025 жылы несиенің ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК немесе 9 830 000 теңге, мерзімі – 15 жылға дейін.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары көтерме жәрдемақы да ала алады. Бұл – 2025 жылы 100 АЕК немесе 393 200 теңге көлеміндегі біржолғы төлем. Ол үйді жабдықтауға және алғашқы қажетті заттарды сатып алуға көмектеседі.

Бағдарламаны қаржыландыруды мемлекет жүзеге асырады.

Бағдарламаға техникалық және кәсіптік, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, сондай-ақ кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар қазақстандықтар қатыса алады. Қатысушылар мынадай сұранысқа ие салаларда жұмыс істеуі тиіс:

  • білім беру;
  • денсаулық сақтау;
  • әлеуметтік қамсыздандыру;
  • агроөнеркәсіп кешені;
  • мәдениет;
  • спорт;
  • ауылдық округтер әкімдері аппараттарындағы мемлекеттік қызмет (әкімдер мен олардың орынбасарларын қоспағанда).

Жыл сайын жергілікті әкімдіктер өз елді мекендері үшін жоғарыда аталған бағыттар бойынша сұранысқа ие мамандар тізімін жасайды. Несиелер дәл осы тізім аясында беріледі.

Сондықтан бағдарламаға қатысқысы келетін азаматтар ең алдымен өз елді мекенінің әкімдігіне барып, қай мамандықтардың қажет екенін нақтылауы керек. Егер әкімдік, мысалы, дәрігер немесе агроном қажет екенін растап, тұрғынды тұрғын үй мәселесін шешуде қолдауға дайын болса, онда маманға бағыттама береді. Осыдан кейін ауыл тұрғыны Baspana Market (otbasybank.kz) порталында өтінім бере алады.

Дәл осы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы Қостанай облысының тұрғыны, үш баланың әкесі Валерий Барышевке бастапқы жарнасыз өз үйін сатып алуға мүмкіндік берді. Жас маман бірнеше жыл бұрын университетті тәмамдағанымен, қалада өз мамандығы бойынша жұмыс табу және баспана мәселесін қатар шешу оңай болмаған. Пәтерақы қымбат, ал бастапқы жарнаға қаражат жинау мүмкін болмапты. Сол себепті Валерий туған Калинин ауылдық округінің әкімдігіне маман болып жұмысқа орналасып, ауылда өз бағын сынап көруді ұйғарған. Дәл сол жерде ол «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы туралы білген.

– Егер «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы болмағанда, біз әлі ұзақ уақыт жинап жүрер едік. Менің кеңесім – елімізде тұрғын үй мәселесін шешуге арналған мүмкіндіктерді пайдалану керек. Көшу мен қиындықтардан қорықпау қажет, өзіңе сену маңызды. Қалада жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұруға болады, ал ауылда осылай тез арада өз баспаналы болып, балаларды жайлы ортада өсіруге мүмкіндік бар, – дейді қуанышымен бөліскен Валерий Барышев.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының операторы – Отбасы банк. Банк өтінім қабылдау мен несие беру процесін толығымен онлайн форматқа ауыстырды. Өйткені көптеген ауылдар банк бөлімшелерінен алыс орналасқан. Қашықтан қызмет көрсету азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қолдауға қол жеткізу процесін едәуір жеделдетті.

Сонымен қатар Отбасы банк әкімдіктермен деректер алмасуды автоматтандырды. Бұл келісу мерзімдерін қысқартуға, қаражат бөлу ашықтығын арттыруға және клиенттерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Бағдарлама қатысушылары өтінім мәртебесі мен хабарламаларды онлайн алады, сондай-ақ несиені мерзімінен бұрын онлайн өтей алады.

Бағдарлама өз тиімділігін дәлелдеді – ол өңірлер мен ауылдарда білікті кадрларды ұстап қалуға нақты көмектесіп отыр.
Соңғы екі жылда осы бағдарламаның арқасында 7 188 отбасы баспана мәселесін шешті:

  • 2023 жылы – 17,7 млрд теңгеге 3 483 несие берілді;
  • 2024 жылы – 29,6 млрд теңгеге 3 705 несие рәсімделді.