Қазақстанда тамыз айының соңында телекоммуникация саласындағы заңнамалық өзгерістер күшіне енеді.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы 19 маусымда қол қойған заң байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған шараларды көздейді. Атап айтқанда, азаматтарға eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu сияқты бірқатар әлеуметтік маңызы бар және мемлекеттік мобильді қосымшаларды тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар абоненттік құрылғыларды верификациялау қызметі мемлекеттік реттеуге өтеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында вице-министр Досжан Мұсалиев мәлімдеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ұялы телефондарды верификациялау тетігі іске қосылған бір жыл ішінде оң нәтиже байқалған.
«Сонымен қатар өткен бір жыл ішінде заңнамадағы кемшіліктер, түрлі олқылықтар мен қайшылықтар туралы қажетті ақпарат жиналды. Оларды құрылғыларды верификациялаудың жаңа қағидалары аясында жою жоспарланып отыр», – деп нақтылады спикер.
Вице-министрдің айтуынша, ұялы байланыс сигналын күшейткіштерді бақылаусыз пайдалану кейбір аймақтарда байланыс сапасының нашарлауына әкелген. Сондықтан енді сигнал күшейткіштерін елге әкелуге және орнатуға тек байланыс операторларына ғана рұқсат етіледі. Бұл репитерлерден туындайтын кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.
Өзгерістердің жеке бір блогы байланыс желілерін қорғауға және алаяқтықпен күресуге бағытталған. Мәселен, интернетке қол жеткізу, IP-телефония, транкингтік байланыс және өзге де қызмет түрлеріне лицензиялау енгізілді. Бұл мұндай қызметтерді тек лицензиясы бар операторлар ғана ұсына алатынын білдіреді.
Ұялы байланыс абоненттерінің құрылғыларында қоңырауларды таңбалау жүйесі енгізілді. Енді абонент ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан ажырата алады. Яғни, банктерден, қызмет көрсетуші компаниялардан келетін ресми қоңыраулар құрылғы экранында арнайы белгімен көрсетілетін болады.
Сондай-ақ абоненттерге байланыс операторлары жіберетін жарнамалық және ақпараттық хабарламалардан, сондай-ақ автодозвон қызметінен, яғни операторлардың «маяктарынан» бас тарту мүмкіндігі беріледі.
«Бұл мәселелерді халық жиі көтеріп келді. Егер адам біреуге қоңырау шалып, абонент желіден тыс болса, ол қайта желіге қосылған кезде оператор жіберіп алған қоңырау туралы «маяк» жолдайтын. Мұндай хабарламалар тіпті түнде де келуі мүмкін еді. Енді бұлай болмайды - олардың орнына тек SMS-хабарламалар жіберілетін болады», – деп түсіндірді Досжан Мұсалиев.
Сонымен қатар байланыс және интернетке қатысты қосымша ақылы қызметтер абоненттің екі кезеңді келісімі негізінде ғана қосылатын болады. Бұл келісімді оператордың мобильді қосымшасы, SMS, қоңырау немесе USSD-сұрау арқылы растауға болады. Бұған дейін интернеттегі жарнаманы кездейсоқ басу абоненттің ақылы жазылымға тіркелуіне әкеліп соғатын.
Бұдан бөлек, радиожиілік спектрін пайдалануға берілетін рұқсаттардың қолданылу мерзімі енгізілді, спутниктік байланысты пайдалану шарттары жаңартылды, байланыс нысандарын салу үшін жер телімдерін бөлу рәсімі жеңілдетілді. Енді мұндай нысандарды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мен бас жоспарға міндетті түрде енгізбей-ақ салуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ операторларға туристік және өзге де қорғалатын аймақтарды байланыспен қамту мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін салуға рұқсат етілді.
Мемлекеттік маңызы бар деректер сақталатын деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық объектілер қатарына жатқызылды. Олар үшін қауіпсіздікке қойылатын күшейтілген талаптар қолданылады.


