Жаңа көші-қон моделі шетелдік инвесторлар мен білікті мамандарды тартуға бағытталған.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Эльдар Күзембаев көші-қон заңнамасын жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді, деп жазады inbusiness.kz
Жиынға Отандастар қоры, Атамекен, Халықаралық көші-қон ұйымы өкілдері, бизнес қауымдастық мүшелері мен сарапшылар қатысты.
Кездесуде Қазақстанның көші-қон саясатын жетілдіру, шетелдік капитал тарту және жоғары білікті мамандар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Эльдар Күзембаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда сервистік тәсілге негізделген жаңа көші-қон моделі қалыптасып жатыр.
Оның негізгі тетіктерінің бірі – "Алтын виза" институты. Жоба аясында шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие мамандарға ұзақ мерзімді құқықтық мәртебе беріліп, Қазақстанда жұмыс істеу мен бизнес жүргізуге жеңілдетілген мүмкіндіктер ұсынылады.
Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарының дипломдарын автоматты тану, лицензияланатын қызмет түрлеріне шетелдік сарапшыларды тарту рәсімдерін жеңілдету және гибридті жұмыспен қамтудың құқықтық тетіктерін дамыту жоспарланып отыр.
Көші-қон қызметтерін цифрландыру аясында e-Resident модулі бар QazETA платформасын іске қосу көзделген. Жоба Astana Hub халықаралық технопаркінің инфрақұрылымымен интеграцияланады.
Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі бекітіліп, Отандастар қоры шетелде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін негізгі оператор ретінде айқындалды.


