Қазақстанда АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігіне қатысты IASA аудиті басталады

0
85

Бағалаудың басталу қарсаңында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Қазақстанға келген FAA сарапшыларымен кездесуі өтті.


Қазақстанда АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігіне қатысты IASA аудиті басталады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетімен, Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен (ҚАӘ) және Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесіп, екі жыл бойы Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Аталған жұмыстар аясында 2026 жылғы 21–25 қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) жұмысы жүргізіледі, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Бағалаудың басталу қарсаңында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Қазақстанға келген FAA сарапшыларымен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар алдағы бағалау мәселелерін және Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру және халықаралық әуе қатынасын дамыту жөніндегі жұмыс шеңберіндегі одан арғы өзара іс-қимылды талқылады.

Бағалау ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесіне қатысты жүргізіледі және Қазақстан Республикасының авиациялық билігінің ИКАО-ның қолданыстағы стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкестігін анықтауға бағытталған. Аталған стандарттар ИКАО-ның 1-қосымшасы «Авиация персоналына куәліктер беру», 6-қосымшасының I бөлігі «Халықаралық коммерциялық әуе тасымалы – Ұшақтар» және 8-қосымшасы «Әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы» құжаттарында қамтылған. IASA бағалауы барысында FAA сарапшылары авиациялық заңнаманы, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ ИКАО-ның ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету жүйесінің сегіз сыни элементіне сәйкес мемлекеттің қадағалауды жүзеге асыру қабілетін қарастырады.

2026 жылғы бағалау FAA-мен жүргізілген дайындық жұмыстарының жалғасы болып табылады. 2024 жылғы 26–30 тамыз аралығында Қазақстанда IASA бойынша алдын ала техникалық шолу жүргізілді. Одан кейін тараптардың өзара іс-қимылы ағымдағы бағалауға дайындық мақсатында жалғасты. FAA сарапшылар тобының құрамына халықаралық авиациялық құқық, авиация персоналын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшу пайдалану салалары бойынша мамандар кіреді.

24 қыркүйекте FAA сарапшылар тобының коммерциялық қызметті жүзеге асыруға АҚШ Көлік министрлігінен (DOT) рұқсат алуға өтінім берген «Air Astana» әуе компаниясына (Астана қаласы) техникалық сапары жоспарланған. Сапардың мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету процесі шеңберінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен (ҚАӘ) алынған ақпаратты растау. Аталған сапар әуе компаниясына әуе тасымалдаушы сертификатының иесі ретінде жүргізілетін инспекциялық тексеру болып табылмайды.

IASA бағалауы аяқталғаннан кейін FAA ҚАӘ-пен қорытынды брифинг өткізеді, одан кейін қаралған бағыттар бойынша жазбаша есеп ұсынады. IASA бағалауы ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін одан әрі жетілдіру және Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі жұмысты ілгерілету жолындағы маңызды кезең болып табылады.